ҚҰРМЕТТІ ТҮРКІСТАНДЫҚТАР!

22 Наурыз, 2019 169 0

Сіздерді Ұлыстың ұлы күні – Әз-Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Наурыз – біз үшін жыл басы ғана емес, татулықтың, мейірім мен бірліктің мерекесі. 

Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіз Қазақстанның жаңаруы мен жаңғыруы жолында жаңа қадам жасады. Ұлт көшін өрге сүйреген кемеңгер Тәуелсіздігімізді нығайтып қана қоймай, Қазақстанды әлем таныған мемлекетке айналдырды. Экономикасы қуатты, саяси тұрақты ел болдық. Еліміздегі тарихи оқиғалар қазақ халқын дамудың жаңа сатысына жетелейді деген сенім бар.

Бар тіршілік оянатын көктемнің шуақты мерекесінде бір-бірімізге жақсы тілек жолдап, бірлікті нығайта түссек, берекеміз артып, ырысымыз молаяды. 

Биылғы Наурызды тұңғыш рет Түркістан облысы ретінде Түркістан қаласында атап өтудеміз. Бұл да тарихи оқиға деуге негіз бар. 

Қазақ үшін Ұлыс күні жыл басы әрі қасиетті саналған. Араз адамдар ел алдында татуласқан. Жалғыз жарым жандарға қолдау көрсетіп, жағдайы төмен отбасыларға көмек берген. 

Жұртшылық арық-атыздарды тазалап, бұлақтардың көзін ашқан. Ағаш отырғызып, туған жердің табиғатының жайқалуына үлес қосқан. Тіршіліктің жаңаруы, туған жердің тазаруы деген осы емес пе!

Бүгінде Наурыз тәуелсіз Қазақстанымыздың ең басты мерекесіне айналды десе болады. Барлық өңірлерде Ұлыстың Ұлы күні жоғары деңгейде аталып өтуде. Бұл елімізде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларында айтылған ұлттық құндылықтарға деген құрметтің артқанын білдіреді.


ҚАДІРЛІ ЖЕРЛЕСТЕР!



ҚР Тұңғыш Президентінің тікелей қолдауымен Түркістан облысы құрылып, Түркістанның жаңа дәуірі басталды. Түркістан қаласында заман талабына сай ғимараттар мен әлеуметтік нысандардың құрылысы жүргізіліп жатыр. 

Қазіргі таңда Түркістанда 30-дан астам нысанның құрылыс жұмыстары қолға алынды. 

Біз бірлік пен ынтымақтың арқасында тарихи шаһардың сәулетін арттырып, облысымыздың экономикасы мен әл-ауқатын жаңа деңгейге көтереміз. 

Баршаңызды Ұлыстың Ұлы күнімен шын жүректен құттықтаймын. Отбасыларыңызға амандық, зор денсаулық, игі бастамаларыңызға сәттілік тілеймін. Мейрамдағы ізгі тілектер мен ақсақалдарымыздың баталары қабыл болып, әжелеріміздің ақ ниеттері орындалғай! Қазақстанымыз мәңгі жасай берсін! Наурыз құтты болсын!

ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВ,      Түркістан облысының әкімі

Пікір қалдыру