Әзербайжан сапары

Бакудегі бірінші күн

turkystan.kz

Қарт теңіздің бергі жағы – Каспий, арғы жағы Хазар аталады. Бергі жа­ғынан көкке көтерілген ұшақ арғы жағына зулай беттеп барады. Тілі туыс, түбі бір екі халықтың арасын жалғап жатқан арнасы кең телегей ил­лю­ми­натордан да шетсіз-шексіздей көрінеді екен. Ұшақтағы төрт сағат та тез өте шық­ты. Жарқыраған ақшаңқан әуежайдан-ақ бұрын-соңды табанымыз ти­меген алып қаланың жайлы екенін сезініп үлгердік. Әуежайдан шыққанда теңіз­дің иісі бар дымқыл, ыстық ауа кеудені кернеді. Түннің бір уағы бол­ғанына қарамастан, сансыз шамдары самсаған, екі миллионнан астам тұр­­­ғыны бар қаланың тірлігі қыз-қыз қайнап жатыр. Қош көрдік, Баку!

Даулы Қарабақ

Ертесі ертемен Әзербайжан халықаралық қатынастарды талдау ор­­та­лығының басшысы Фарид Шафиевпен кездесу өтті. Ол Әзербайжан мен Армения арасындағы қарым-қатынас, қазіргі ахуал туралы сөз қозғап, сұрақтарға жауап берді. Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Өз­бек­стан, Қытай журналистерінің басын қосқан осы сапардың негізгі мақ­саты да сол – қанша жылдан бері даудың, қақтығыстың өзегі болған Қарабақ аймағы, оккупациядан кейінгі қалалардың қазіргі ахуалын көрсету, сауалдарға жауап беру.
Осыдан шамамен 3 жыл бұрын, 2020 жылғы 27 қыркүйекте Әзер­байжанның Қарабаққа шабуыл жа­сағанын туралы ақпарат жер-әлемге тарады. Әзербайжан билігі бұл опе­рация Арменияның оқ жаудыр­ға­нына қарсы жауап деп мәлімдеді. Қос тарап сол жылғы 10 және 18 қазан­нан бас­тап атысты тоқтату туралы уағ­даласқанымен, қақтығыс тоқта­ған жоқ. Қарашадан бастап Әзер­бай­жан, Ресей, Армения атысты тоқтату және бітімгерлерді Қарабаққа жіберу, сондай-ақ аймақтағы бірқатар ауданды Әзербайжанға беру туралы үш­жақты келісімге келген болатын. Осылайша, 30 жыл бойы ок­купацияда болған аймақтар 44 күнде Әзербайжанға қайтарылды. Ал үшжақты келісімде екі елдің алдағы қарым-қатынасын айқындайтын, реттейтін негізгі ережелер бекітілді. Соның ішінде шекара, шекарадан өту мәселелері де қарастырылған.
Жақында бүкіл әлемнің бұқаралық ақпарат құралдары армян тарапының «Армения мен Әзербайжанның Қарабақ аймағын бай­ла­ныстыратын «Лачин» шекара дәлізі әлі бұғатталған» деген мәлімдемесін жарыса жазған болатын. Мұны Армения премьер-министрі Никол Пашинян 3 тамызда Армения Үкіметі отырысында сөйлеген сөзінде айт­қан. Оның сөзінше, Армения үкіметі жіберген гуманитарлық көмек Қара­бақтағы «Лачин» дәлізінен өте алмай, қаңтарылып тұр. Ол ай­мақ­тағы Ресей бітімгерлері гуманитарлық көмек неліктен өтпей тұр­ғанын түсіндіруі керек екенін де қосып өтті.

– Әзербайжан Президенті Euronews-ке берген сұхбатында «Лачин» дә­лізі бұғатталмаған деген мәлімдеме айтты, бірақ Қарабақтағы Ре­сейдің бітімгерлік контингентінің Армения үкіметі жіберген гума­ни­тарлық жүкті Қарабаққа неге өткізбегені туралы түсініктемені тың­да­ғымыз келеді, – деді Пашинян.

Әзербайжан Сыртқы істер министрлігі бұл айыптауды теріске шы­ғарып, Ереванды жағдайды ушықтыруға тырысты деп айыптады.

– «Лачин» шекара өткізу пунктінің жұмысы, Армения-Әзербайжан ше­карасының аумақтық тұтастығы мен делимитациясы мәселелері бойын­ша халықаралық қауымдастықты тағы да адастыруға тырысуы армян тарапының жағдайды ушықтырмаққа ниетін байқатады, – деп жауап берді Әзербайжан жағы.

Сонымен қатар Бакумен келіспей, жүк тасы­малдауға жол берілмейтіні келісімде көрсетілгенін айтты. Олардың сөзін­ше, бұл – бірнеше рет қайталанған, айтылған, ескертілген жайт. Орталық басшысы Фарид Шафиев осы мә­се­ленің мән-жайын, ол дә­ліз бейбіт тұрғындарға ашық екенін, ал жүк өткізетін басқа да дәліз­дер бар екенін түсіндіріп, сұрақтарға жауап берді.

Әзербайжан сапары
Әзербайжан халықаралық қатынастарды талдау ор­­та­лығының басшысы Фарид Шафиев

– Бұл – Әзербайжан Арменияға ұсынған бейбіт келісімшарт. Құжат түрін­де. Онда екі тараптың шекарасына қатысты мәселелер қамтылған негізгі бес бөлім бар. Яғни, келісім бойынша Армения Әзербайжанның тер­риториялық тұтастығын мойындауы керек. Биыл­ғы мамырда ғана Па­шинян мұны қабыл­дай­тынын, яғни Қарабақты Әзербайжандікі деп мойын­дайтынын мәлімдеген болатын. Дегенмен іске келгенде, армяндар басқа механизм болғанын қалап отыр. Бұл бірқатар қиындық туын­дауына ықпал етуде. Егер келісімге келсек, экономикалық, қауіпсіздік тұрғысынан көптеген мәселе оң, ұтымды шешілер еді, – дейді ол.

Бірінші Қарабақ, Екінші Қарабақ соғысы дегенімізбен, бұл аймақ үшін қақтығыстың оты жүз жыл бұрын тұтанған. Содан бері Қара­бақ­тың төңірегінде дау, қақтығыс тоқтамай келді. Айтпақшы, Әзербайжан халқы Қарабақ сөзінің алдына «таулы» деген анықтаманы қоспайды екен, бұл – әлімсақтан әзербайжанға тиесілі аумақты бөліп алу үшін қолдан жасалған тіркес дейді олар…

Жоғалғандар мен оралғандар

Жиыннан кейінгі сәл үзілістен соң Әзер­байжан Бас прокуратурасы ғи­маратына бет алдық. Мұнда Әзербайжан әс­кери прокуратурасының және әскери тұт­қын­дар, кепілге алынғандар және хабар-ошар­сыз кеткен азаматтар істері жөніндегі мем­лекеттік комиссиясының баспасөз мәс­ли­хаты өтті. Брифингте бірінші Қарабақ со­ғы­сында хабар-ошарсыз кеткен әзер­бай­жандарға қатысты мәліметтер жарияланды. «Армения Қарулы Күштерінің 1988 жылдан бері Әзербайжан Республикасының азамат­та­рына қарсы жасаған қылмыстары нәти­же­сінде хабар-ошарсыз кеткен адамдарды із­дес­тіру нәтижелері жарияланады» деп жазды Azertac.

Әзербайжан сапары
Брифингтен

Президент Әкімшілігінің Сыртқы саясат мә­селелері жөніндегі бөлімінің меңгерушісі Ға­­биб Микаилла, тұтқындар және хабар-ошар­сыз кеткендер, кепілге алынғандар іс­тері жөніндегі мемлекеттік комиссияның хат­шысы, жұмыс тобының басшысы Исмаил Ахун­дов, Бас прокурордың арнайы тапсыр­ма­лар жөніндегі аға көмекшісі Ильгар Сафа­ров, әскери прокуратураның арнайы тергеу бөлімінің бастығы Эмиль Тагиев баяндама жасап, сұрақтарға жауап берді.
Президент Әкімшілігінің Сыртқы сая­сат жө­ніндегі бөлімінің бастығы Хабиб Ми­каил­ла Армения жоғалған әзербай­жан­дар туралы ақ­парат беруден қорқатынын мә­лімдеді. Ол бірін­ші Қарабақ соғысы кезінде Әзер­байжан ша­мамен 3 900 адамынан айы­рыл­ғанын айт­ты.

– Жерімізді басқыншылардан босату осы жерлердегі біздің жұмысымызды күшейтуге мүмкіндік берді. Жаппай жерлеу орындарын тауып жатырмыз. Табылған қалдықтар армян әскерилері тұтқындарды үнемі азаптағанын дә­лелдейді. Армениямен көптеген мәселе бойынша, соның ішінде хабар-ошарсыз кет­кен­дерге қатысты келіссөздер жүргізіліп жа­тыр. Армения бізге хабар-ошарсыз кеткендердің тағдыры туралы мәлімет, соны­мен қатар жаппай жерлеу орындарының, жер­ленгендердің тізімін береді деген үміт­те­міз.
30 жыл өтсе де олар бұл ақпаратты бө­лісу­ден қорқатын сияқты. Өйткені олар тізім жа­саса, соғыс қылмыстары жөніндегі комис­сия тиісті шараларды қабылдайтынын біледі. Бұл мәселеде халықаралық деңгейде ынты­мақ­тастық қажет, – деді ол.

Әзербайжан Үкіметінің ресми мәліметіне сүйенсек, Армения Республикасының әскери агрессиясының нәтижесінде 20 мыңнан ас­там адам қаза тауып, 50 мыңнан астам адам жа­раланған немесе мүгедек болып қалған. Ел би­лігі мұны геноцид деп есептейді. Мұнан зар­дап шеккен миллионнан астам адам 29 жыл­дан бері босқын болып күн кешіп келеді.
Қазір Әзербайжан Республикасының әс­кери тұтқындар, кепілге алынған және хабар-ошарсыз кеткен азаматтар жөніндегі мем­ле­кеттік комиссиясы хабар-ошарсыз кеткен
3 874 адамды тіркеген. Оның ішінде 3 126 әс­ке­ри адам, 748 бейбіт тұрғын бар. Бейбіт тұр­­­ғын­дар арасында 66 бала (44 ұл, 22 қыз), 265 әйел, 302 қария бар. Жоғалған 3 874 адамның ішін­де армян әскерилері соғыс кезінде тұт­қын­ға және кепілге алған 871 адам туралы ға­на ақпарат бар. Оның 590-ы әскери, 281-і бей­біт тұрғын. Бейбіт тұрғындар арасында 29 бала (22 ұл, 7 қыз), 98 әйел, 111 қарт (49 ер адам, 62 әйел адам) бар.
Жиын соңында «Армяндардың тұт­қы­­­нында: азаптау және кісі өлтіру ан­тологиясы» атты кітап таратылды. Онда бо­сап шыққан 1 440 тұтқын мен кепілге алын­­ған 339 адамның естеліктері, айғақтар жи­нақталған. «Осы қылмыстарды жасаған адам­дар халықаралық құқық нормаларына сәй­кес жазаланады деп сенеміз. Армения ба­сып алған Әзербайжан аумақтарында гено­цид және этикалық тазарту саясатын жүр­гіз­ді, қақтығыс аймағынан алыс бейбіт тұр­ғын­дарға қарсы арандатушылық-террористік әре­­­кеттер жасады. Тек террористік актілердің нә­тижесінде жүздеген адам қаза тауып, жа­раланды. Жүргізілген тергеу және сот тер­геу­лері барысында террористік актілерді Ар­ме­ния Республикасының арнайы қызметтері, ар­мян террористік ұйымдары және се­па­ратистік құрылымдар жасағаны дәлелденді. Ха­лықаралық гуманитарлық құқық нор­ма­лары бұзылған және барлық адами құн­ды­лықтар еленбеген» деп жазылған кітапта.

Бояуы қанық Баку

Әзербайжан сапары
Шейіттер аллеясы

Ресми іс-жиындардан соң Бакуді аралаудың сәті түсті. Күндіз қаланың ажары басқа қырынан көрі­неді екен. Алдымен «Шейіт болғандар аллеясына» бет алдық. Аталған аллея бұрын Ленин атындағы алаң бол­ған екен. Жалпы халық тарихын, өткенін, құрбан бол­ғандарды құрмет тұтатыны бірден байқалып тұра­ды. Шейіт болған әр азаматтың аты жеке-жеке қашал­ған мәрмәрлардың алды қызыл қалампырға толы. Гүл­дерді халық ешкімнің нұсқауынсыз күнделікті жаңар­тып отырады екен…
Аллеядан төмен қарай жүрсеңіз, алдыңыздан теңіз көрінеді. Одан ары бүкіл қаланы алақандағыдай көре­сіз. Теңіз жағалауы көз тартатындай көркем: салтанатты ғи­мараттар, демалып жүрген мамыражай халық.
Баку Каспийдің жағасында, Баку шығанағына қа­рай­тын Апшерон түбегінің оңтүстігінде ор­наласқан. Қаланың тарихы ежелгі дәуірден басталады, де­­генмен оның нақты пайда болу күні әлі белгісіз. Орталық Азиядан Еуропаға дейінгі ежелгі сауда жолдарының бірі осы қала арқылы өткен. Батыс Баку ар­қылы тауарлар солтүстікке, Кавказ таулары мен Қара теңіз арқылы, одан әрі шығысқа қарай Ыстамбұл, Түр­кия асқан. Саудадан басқа, мұнайдың мол қоры бол­ға­ны, Баку айналасындағы ашық құдықтардан мұнай алын­ғаны туралы деректер орта ғасырлардан бері бел­гілі. Мұның бәрі Бакуге Кавказ аймағындағы маңыз­ды және мәдени орталыққа айналуға мүмкіндік берген. Тоғыз жолдың торабында, мәдениеттер тоғысында қа­­лыптасқанын қаланың сәулет өнері де айғақтап тұр­ғандай. Бакудегі ғимараттар мен тарихи ескерткіштері зороастр, христиан және ислам діні ықпалының дәлелі, сонымен қатар Бакудің қазіргі келбетін қалып­тастыруда маңызды рөл атқарған сасанидтер, шир­вандар, османлылар, арабтар, парсылар мен орыс мәде­ниетінің ізі. Ал жаңа ғимараттары өзінше ерекше. Әдетте, тұздай көк шыны қапталған ғимараттар мұз­дай суық, жансыз сезіліп, көне ғимараттармен үйлес­пей, ерекшеленіп тұрады емес пе? Мұнда мүлдем бас­қаша жаңа мен көненің өткен мен бүгіннің жарасым тап­қан тұсы сияқты.

Әзербайжан сапары
Кілем мұражайы

Кілемдер мұражайы, түрлі сауда ор­талықтары қаланың көркін аша түскен.
Жағалауды жағалай жүріп бара жатып дәмі тіл үйіретін түрлі жеміс-жидек сатып тұрған қария­ға кез болдық. Мұнда жеміс-жидектің түр-түрі өседі және біз солардың уылжып пісетін шағына тура келген екенбіз. Бізді қаламен таныстырып жүрген өкіл қаражидектен дәм татқызды. Одан әрі төменге қарай беттеп, жолымыз қаланың көне бөлігіне, өздерінше айтқанда, «Ичери Шәхәрға» жалғасты.

Әзербайжан сапары
Ширваншах қамалының қақпасы

Алдымен, алдымыздан көгілдір бақ көрінді, бақтың сәнін келтірген субұрқақ ерекше көзге түседі. Бұл бақты осыдан бірнеше жүз жыл бұрын қаланың беделді, дәулетті тұрғыны халық демалсын деп салдырған екен. Одан әрі жүрсеңіз ежелгі Ширваншах қамалы қақпа­сы­ның алдынан шығасыз. Әуелде айтып өткендей, қа­ланың іргетасы қашан қаланғаны беймәлім болса да, XI ғасырдан бастап дамығаны анық екен, ол кезде ай­мақ­ты Шығыс Кавказ Ширван шахтары басқарды. Шир­ваншах бекінісі Әзербайжанда сақталған бірнеше ортағасырлық қалалардың сарқыншағының бірі. Б.з.д. VII-VI ғасырларға телінетін 27 метрлік Қыз мұнарасы, XI ғасырдағы мешіт пен мұнара, жалпы көне қаланың орны ЮНЕСКО қорғауына алған әлемдік мәдени мұра­лардың қатарында.
Көне қаланың атмосферасы мүлде бөлек. Мұнда туристер көп келетіндіктен, түрлі дәмхана көп. Қолөнер бұйымдары мен кәдесыйлар сататын бұрыш­тардан халықтың өзіндік мәдени ерекшелігін де аң­ғаруға болатындай. Дәмхана демекші, әзербайжан­дар­дың тамақтану мәдениетіне деген көзқарасы, тәртібі де ерекше екен. Ұлттық тағамдарының да түрі көп. Шайды тосаппен ғана ішеді. Ал тосаптың 170-тен астам түрі бар. Палаудың 150-ден астам түрі бар екенін айт­қан­да, өзбектердің өзі таң-тамаша болғанын жасыра ал­мады. Тек табиғи өнімдерді тұтынуға тырысады екен, же­міс пен көкөніске химиялық қоспа қосуға заңмен тыйым салынған.
Әзербайжан сапарыЕлдің қонақжайлығы да – бөлек әңгіме. Қазақты бауы­рым деп санап, жақын тартатындары ал­ғаш­қы күннен-ақ сезілді. Тек қазақ емес, түгел түркіні түбі­міз бір туысқан деп санап, ерекше құрмет тұтады екен.
Тағы бір байқаған дүние – бірлі жарымы болмаса, өзара тек әзербайжан тілінде сөйлейді. Көшедегі жар­на­малар мен дүкен маңдайшасындағы жазулар тек өз тіл­дерінде жазылған. Дегенмен басқа тілдерге де жүй­рік. Тіл демекші, қазақ, қырғыз, өзбек әрқайсы өз тілін­де сөйлесе де, түсінісу мүлде қиынға соққан жоқ. Әр сөз­дің әр тілде ұқсас екенін айтып, мағынасын қаз­балап, мәре-сәре болып жаттық.

Жалғасы бар…

Астана – Баку 

Loading...