ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДАҒЫ ЕМХАНА ТОЛЫҚ ҚУАТЫНДА ЖҰМЫС ІСТЕП ЖАТЫР

16 Маусым, 2020 181 0

Биыл ақпан айында «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Түркістан облысына жұмыс сапарымен келген болатын. Ол Жетісайдағы құрылысы аяқталған жаңа емхананың жұмысымен танысып, дәрігерлермен кездесті. Сол кездесуде емханаға медициналық құрал-жабдықтардың әлі 100 пайыз орнатылмағаны, мекеменің жұмысқа толық кіріспей тұрғаны сөз болған еді. Бауыржан Қыдырғалиұлы бұл мәселені назарда ұстап, партиялық бақылау жасау жөнінде тапсырма берді. 
Осыған сәйкес, өңірдегі партиялық бақылау комиссиясы арқылы жұмысшы топ құрылды. Жұмысшы топ аталған мәселелерді қадағалап, тиісті зерделеу жұмыстарын жүргізді. «Nur Оtan» партиясы ТОФ  партиялық бақылау жөніндегі инспекторы Асқар Еркінбековтың айтуынша, партия төрағасының бірінші орынбасарының тапсырмасына сәйкес жұмыстар жүргізілген. Емхананың интернет жүйесіне қосылмағаны, құрылыс басқармасы мен медицина мекемесі арасында қабылдау-өткізу актісінің түзілмегені анықталып, тиісті ұсыныстар берілген. Нәтижесінде мердігер мекеме «Темир-Спецстрой» ЖШС-і өз қаржысынан 2020 жылдың 20 интернет жүйесін тартып берді.
Одан бөлек нысан облыстық құрылыс басқармасы мен пайдаланушы мекеме Жетісай аудандық орталық ауруханасының арасында қабылдау-өткізу актісімен (Авизо) рәсімделді. Қазіргі таңда аталған екі мәселе де шешімін тауып, емхана 1 сәуірден бері толық қуатында жұмыс істеп жатыр. Жалпы емхананың құрылысы 2017 жылы қазанда басталып, 2019 жылдың 26 желтоқсанында аяқталған. 
Жетісай аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Нұрлан Жолдасбековтың мәлімдеуінше, медициналық мекеме халыққа сапалы қызмет көрсетіп жатыр. 
«Мекемеде 500-дей адам, атап айтсақ, 80 дәрігер, 300-дей орта буын медбике және 120 кіші медқызметкерлер жұмыс істейді.  Қалалық емханада 501 млн. теңгенің құрал-жабдықтары алынған. Жабдықтар Ресей, Италия, Оңтүстік Корея және өзге мемлекеттерден жеткізілген», – дейді ол. 
Жедел жәрдем көрсету стансасы мен аталған емхана бір ауысымда 500 адамды қабылдайды. Мұндағы дәрігерлер мен мамандардың біліктілігін арттыру бойынша да тиісті жұмыстар қолға алынған. Жетісайлық тұрғындарға қызмет көрсетіп жатқан жаңа ғимарат өңір тұрғындарының денсаулығын жақсартуға оң серпін береді деген сенім бар. 
«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

Пікір қалдыру