Мақтаарал ауданында 200 орындық жаңа мектеп ашылды

Өңірде халық саны жыл сайын артып келеді.

Түркістан облысының Мақтаарал ауданы Бірлік ауылдық округіне қарасты Өркениет елді мекеніндегі 200 орындық №57 жалпы білім беретін мектебінің құрылысы аяқталды, деп Turkistanmedia.kz хабарлады Halyq Uni сайтына сілтеме жасап.

Облыс әкімімен кездесудегі ауыл тұрғындарының өтініші назарға алынып, құрылысы жүрген бұл мектептің салынғанына өркениеттіктер дән риза.

Аудан қайта құрылған 5 жыл ішінде 3 ауысымды мектептердің санын азайту және ыңғайластырылған мектептерді жою мақсатында 17 мектептің жаңа ғимараты салынып, пайдалануға берілді. Оның ішінде 1200 орындық, 600 орындық, 300 және 200 орындық мектептер бар. Ал биыл Мақтаарал ауданында Еркінабад, Азамат, Өркениет және Нұрлыжол елді мекендерінен 200 орындық 4 мектептің құрылысы қолға алынды.

Жаңа білім ордасының құрылыс сапасын бақылауға арнайы барған облыс әкімі Дархан Сатыбалды білім саласына қолдау көрсету жалғасатынын айтты. Мердігермен және жергілікті тұрғындармен кездесіп, құрылыс сапасы басты назарда екенін жеткізді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде білім саласын дамытуға жағдай жасауды, мектеп тапшылығын жоюды тапсырды. Осы мақсатта облысымызда жүйелі жұмыс атқарылды. Биыл өңірде мемлекеттік бюджет есебінен 33 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның 20-сы биыл тапсырылса, қалғаны 2024 жылы пайдалануға берілдеді. Енді жаңа ғимараттарда білім беру ісін де жаңаша жандандырып, ауыл балаларының білімін көтеру керек, – деді Дархан Сатыбалды.

Бұрын балалары көрші ауылға қатынап оқитын ауыл тұрғындары жаңа білім ұясын ашуға қолдау көрсеткен өңір, аудан басшылығына ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жеткізді.

Мақтаарал – облыстағы халқы тығыз орналасқан аудандардың бірі. Халық саны жыл сайын артып келеді. Өркениет ауылында 1483 тұрғын бар. Оның ішінде, 0-5 жас аралығындағы бала саны – 227, 6-16 жас аралығындағы бала саны – 243. Өркениет ауылында мектептің болмауына байланысты 280 оқушы 2-3 шақырымда орналасқан Қ. Пернебаев ауылындағы №34 «Бірлік» және «Қоңырат» ауылындағы №35 «Болашақ» жалпы орта мектептерінде білім алып жатыр. Осыған орай, оқушыларды білім беру сапасын көтеру және өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен қаржы қаралып, Түркістан облысының құрылыс басқармасының тапсырысымен 2022 жылдың маусым айында құрылыс жұмыстары басталған болатын. Бас мердігер – «Нүрі-Л-Жетісай» ЖШС.

Жаңа мектепте оқушылардың сапалы білім алуы үшін барлық жағдай қарастырылған. Ғимаратта физика, химия, информатика, технология кабинеттері, мультимедиялық және лингафондық кабинеттер соңғы үлгідегі заманауи технологиялармен жабдықталған. Сондай-ақ кітапханасы, спорт залы, асханасы бар. Жалпы мұнда оқушылар түрлі спорт, өнер және қолөнер үйірмелеріне қатыса алады. Нысанның қасбетіне де, жарықтандыру және абаттандыру жұмыстарына да ерекше көңіл бөлінген.

Айта кетсек, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы тапсырмасымен «Жайлы мектеп» пилоттық жобасы аясында Түркістан облысында 63 мектеп салынады. Ал, Мақтаарал ауданында осы жоба арқылы жаңадан 5 мектептің құрылысы жоспарланған. Қазір 1500 орындық және 600 орындық 2 мектептің құрылыс жұмыстары басталды.

Loading...