Шымкентте 74 жастағы қария мен 72 жасар әжей шаңырақ көтерді, деп Turkistanmedia.kz хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Бүгінде балдақтың көмегімен қозғалатын әжей бір кездері тіптен жүре алмайтын едім дейді. Ұзақ өмір сүру орталығында өз теңін тапқан ол, аяққа тұрып жүре бастағанына дән риза. Некесін заңды түрде қиған жұпқа орталықтан жеке бөлме де берілген.
Біз 2 ай кездесіп жүрдік. Кейін ол маған сөз айтты, мен иә дедім. Некемізді де заңды түрде тіркедік. Мұнда біз бірге тұрамыз, тіпті бізге жеке бөлме де берілді. Бәріне алғыс айтамын. Бізде бәрі жақсы, бәрі бар,- дейді 72 жастағы қалыңдық Найля Нұриева.
Қарттар үйінде жалпы саны 4 жұп бар. Орталықта зейнеткерлерге қажетті барлық жағдайлар жасалған. Қариялар онда түрлі ем-дом алып, спорттық жаттығулар да жасай алады. Мұнда сонымен қатар, компьютермен жұмыс істеп, өз-өзін дамытуға да болады.
Осы қарттарымыздың жағдайын жасау мақсатында Шымкент қаласында 3 белсенді орталық ашылған. Ол жерде мықты дәрігерлер, қызметкерлер осы біздің қарияларымызға қызмет көрсетеді,- Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева.
Ұзақ өмір сүру орталықтарында құжат тапсыру арқылы тегін ем-дом алуға болады. Сонымен қатар,мұнда ерекше жандармен жұмыс істейтін оңалту орталықтары да ашылған.