Жиында Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды тарихтан келешекке бағыт алған түркі халықтарының мәдени және рухани мекенінің жылдан жылға түрленіп жатқанын, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласына ерекше мәртебе беруді тапсырғанын атап өтіп, кеңестің VIII бейресми саммитінде Түркістанды түркі әлемінің рухани астанасы деп атау туралы тараптар қол қойған декларацияның маңызы жоғары екенін жеткізген болатын. Бүгін Әзербайжан Республикасында «Шамахи – Түркі әлемінің туризм астанасы 2023» іс-шарасының жабылу рәсімі өтті. Түркі Мемлекеттері Ұйымы (ТМҰ) тарапынан берілетін ресми мәртебені алу салтанатына өңірден арнайы делегация қатысты, деп хабарлайды Turkistanmedia.kz.
– Қазан айында Түркістанда өткен Түркі Мемлекеттері ұйымы елдеріндегі туризм мәселелеріне жауапты министрлердің VIII отырысында Түркістан – Түркі мемлекеттерінің 2024 жылғы туристік астанасы атанды. Бүгінгі салтанатты жиынға осы мәртебені Шамахидан Түркістанға қабылдап алуға келіп отырмыз. Біз үшін тарихи әрі қуанышты сәт. Бұл шешім – түркітілдес елдердің туризм бағытындағы қарым-қатынасын нығайтуға айрықша серпін береді. Түркістан облысында тарихи-танымдық туризмінен бөлек, емдік-сауықтыру және экологиялық туризм бағытымен сіздерді танысуға шақырамыз. Тарихтан келешекке бағыт алған Түркістанда, яғни Атажұртта асыға күтеміз! – деген облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаев түркі халықтарының мәдени және рухани мекені, Қазақ хандығының астанасы болған Түркістан жұртшылығының сәлемін жеткізді.
1500 жылдан астам тарихы бар Түркістан қаласы ілім мен ғылымның, әдебиет пен мәдениеттің, Ұлы Жібек жолы бойындағы сауда-саттықтың нағыз орталығы болған. Түркістанның жаңа келбеті осы әлеуетін қайта жаңғыртуда. Ал Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – көркем сәулет үлгісімен күллі адамзаттың рухани мұрасына айналған жәдігер. Киелі шаһар бүгінде ежелгі қалпын сақтай отыра, заман талабына көркейіп келеді.
Айта кетейік, Әзербайжанның Шамахи қаласы Түркі Мемлекеттері Ұйымы (ТМҰ) тарапынан 2023 жылы түркі әлемінің туризм астанасы болып, көптеген игі бастамаларды жүзеге асырды. 2024 жыл бұл мәртебенің Түркістан қаласына берілуі түркі жұртының тұтастығын дамытуға зор қадам болмақ. Сондай-ақ келесі жылы жергілікті түрлі іс-шаралардан бөлек, халықаралық деңгейді қамтитын жобаларды ұйымдастыру қолға алынған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі