Колхозов Жеңісбек

20 Маусым, 2019 43 0

«Түркістан ер түріктің бесігі ғой...»

І. Жол бойында...

«Қойнына құт, береке, ырыс тұнған

Армысың, төр мекенім, ұлыс, ордам!..»

Жанарын жасқа шылқып қария тұр

Қалдырып, едәуір сәт бізді жолдан.

Сүртпестен, көздің жасын мөлтілдеген

(Секілді тұла бойын еркі жеңген)

Қария жол бойында кемсеңдеп тұр

Сыр бүгіп сірә, көпке шертілмеген.

Біз тұрмыз, Торлан асып жол бойында

(Уа, қартым, салдың неге сар уайымға?!)

Өзеуреп, өзегіңді өртегендей,

Не жазды, тағдыр сенің маңдайыңа?!.

Жетелер, тау жотасы «мың бұралып»

Ойымнан кетер емес мұңды қалып.

Жақындап біз келеміз Түркістанға

Жүздегі тебіренген сырды бағып.

«Дәмі ерек, Түркістанның суы – нұрлық»

Дедім мен үнсіз халді сөзге бұрып.


«Жаныңа шуақ сыйлар қасиет бар

Таңдайды кеңіткенде мөлдір, тұнық...»

«Ол рас, қасиет бар... қалықтаған

Тарихи даңғыл жолы тұнық, тарам.

Білсеңіз, бір ғажайып құдірет тұр

Қаланың қасиетін ұлықтаған...»

Қария тебіреніп, демін алды

«Демеңдер, «алжыған шал не шығарды?»

Түркістан – Алашымның айбыны ғой

Кеудемді кернеген бұл бір сыралғы...»

Бұл қарттың байқалады көп көргені

Жөн болмас сырын бүгіп, шектелгені.

Ендеше, бұл сапардың сыры неде?

Өтіндік, айтылса деп шеккен шері...


ІІ. Ата аманаты

«Тап келді тар кезеңге балғын шағым

Қырманда қарсы алар ем таң самалын.

Жер жыртып, орақ ордық, күн-түн демей,

Жасампаз жаны болдық паң даланың.


Жан еді шешем байғұс парасатты

Көрсе де мойымаған бар азапты.

Кетті ме ауыр бейнет діңкелетіп,

Жағдайы күрт нашарлап бара жатты.

О баста болған Құлжа бізге мекен

(Білмеймін, өз жағдайын сезді ме екен?!.)

Бір кеште шешем терең сырын ашты

«Жөн болар, туған жерге бет түзеген...

Түркістан – ата қоныс, құт мекені,

Ақ жолға жөн сілтесем көп себебі...

Өз атаң Алаш туын ардақтауды

Ұрпаққа аманаттап кеткен еді.

Тағдыры тосса-дағы ең үлкен сын

Көздеген Алашорда ел мүддесін.

Осы сәт күллі Алаштың астанасы

Түркістан – нықтап еді төр, іргесін.

«Хазірет», «кіші Меккем» – ақ періштем

Бұл жолда жанды беру бақыт дескен.

Бой ұрған қасиетке қайран, ерлер,

Бекініп, қол алысқан, ант беріскен.


Жол тауып, жөнге бастап шырғалаңнан

Сертінен таймай ерлер, құрбан болған.

Атаның ардақ тұтар өсиеті

Өшпестей, орын алып тұр санамнан:

«Көп еді арман, бағыт – біз ұстанған

Беріктік, махаббатпен құрышталған.

Деп едік, түркі тілдес барша халық

Төр етсе Түркістанды ырыс тамған.

Бұл айтқан кейінгі ұрпақ сырымды аңғар

Сенемін, келешегім – кемел, заңғар.

Қолдағы бар жақұтың, асылыңды

Бағалап, ұлықтай біл, ұмытпаңдар...»

Айтылды, аманат сөз ойда қалды

Суалтып, қайтты шешем көз жанарды.

Мың тәубе, Еркіндіктің ескен лебі

Жазғандай, өксіп өткен жан жарамды.

Өткенді ұлдарым бар мұра қылған

Бой жеткен қыздарым да ұзатылған.

Дегенмен, туған елге жетсем деген

Әлі күн, келем қашық мұратымнан.


Мұң-шерім өртесе де өзегімді

Шектелем, аңсап қана өз елімді.

Ежелгі Йасы, Шағбар, Тұран дескен

Шаһардың рухы асқақтап, көші өрілді.

Бұл менің қастер тұтар қиыр далам

Бабамның жатыр ізі шиырлаған.

Қане, кім қасиетіңе бой ұрмаған,

Раббымның рахымы үшін сыйынбаған?!.

Білгенге, сенің әркез бағаң артық

Бақ дарып, есігіңе қараған құт.

Түсіме жиі енеді кейбір жайлар

Осында бүйрегімді бұра тартып.

Келмейді дегенмен де, сыр жасырғым

Тәлкекке түскен тағдыр түп қазығым.

Өріліп барады әне, өкінішпен

Өмірлік орындалмай бір парызым.

Білмеймін, тағдыр неткен сый ұсынған

Бөлінген, санам санға, ойым – ойран.

Мендегі меңдеген дерт, жалғыз мұрат –

Бұйыртса, бір құлаш жер қойыныңнан...»


ІІІ. Тарихтың тағылымы

Қария шер тарқатты мұң көңілмен

Рас қазір кезіктім бе шын ұлыңмен?!.

Алаштың бағаналы басты ордасын

Осынша іңкәрлікпен сүйе білген.

Жансың-ау, Алаш жұртын ардақ көрген

Жеткізер көңілдегін мұң кеппенен

Түркістан – тұтастықтың символы ғой

Бөлеген рух қуатын жөргекпенен.

Рухани жаңғыруда – бірлік, күшім

Тануға ұлттық текті ынтықтым шын.

Жас ұрпақ, сабақ алып өткен күннен

Барыңды бағалауға міндеттісің!..

Тарихи мың жарым жыл – шың, құзары

Өрілген ерлік салтпен жарғы, заңы.

Жерленген жиырма бір тақ иесі

Түркістан – қазақ үшін рух шырағы.

Нәр алған құштарлықтан түп тамыры

Ертеден өнер, ғылым нық дамыды.

Түркістан тек дін емес, білімнің де

Лайықты бола білген орталығы.

Қошқорған, Шоқтас әне, естелік-сыр

Тас дәуір мәдениетін әйгілеп тұр.

Ұлы Жібек Жолынан дерек берер

Үн қатып, жәдігердей әр сай-жықпыл...

Ұққандай салт-санасын өр елімнің

Қария ғибратынан арай көрдім.

Ұшқынын қасиеттің байқармын деп

Мойнымды созып алға қарай бердім...

Мына жол бағыт сілтеп жатыр әні

Біздерді тағылымға шақырады.

Өзіңді аңсап келем, жеткенімше,

Киелі Түркістанның топырағы.

Көрінген жол бойында әр төбесін

Қасиет сіңген баба серті дерсің.

Даланың өр тарихы танытып тұр

Қазақтың асқақтаған мәртебесін!..  






Түркістанға тәу ете барғанда...

немесе кесене басында туындаған ой

Түркістан – кие қонған даңғылмысың?!.

Сен бердің тұтастықтың нақ үлгісін.

Бой ұрған ар-иманға жұмыр пенде

Тәу етер, төріңе кеп Раббым үшін...

Тартсаң да тағдыр тезін, сан сынағын

Елдіктің сөндірмедің нұрлы шамын.

Таныдым, даралықты келбетіңнен

Тағылым берер сырды ұғынғанмын.

Күні ертең жатар көрде қурап сүйек,

Мәңгілік тұра алар ма – шермен жүрек.

Болармын, бүгін – төрде, ертең – көрде,

Алдамшы жалған ғұмыр неге керек?!

Аз ғұмыр тудыра алмас қанағаттық,

Кеудеме сыймай жүрек барады атқып.

Сұм өмір өз білгенін жасамай ма,

Дем бітіп, жүрек ақыр – соғар ақтық...

Жол салып – жазық дала, асқар бел де,

Тек алға сүйреп сені бастар көрге.


Өлімнен қорқып кейін шегіну жоқ,

Қорқыт та құтылмаған қашқанмен де...

Жүрекке тоқтау салып, мұң егетін

Туған соң, заңдылық бар бір өлетін.

Түзу жүр, бұрыла жүр – тұрған күтіп,

Барлық жол бір – АЖАЛҒА тірелетін...

Кімдер бар, қоя алатын өлімге шек

Бүгін – зор, ертең қордың күнін кешед.

Өмірден тапқан барлық сыбағаң сол,

Аларсың, екі құлаш жеріңді өлшеп.

Не пайда, дүние-мал жиғанменен

Өмірден сен де өтерсің, мұңды әнменен.

Төріне рахат көріп, жету бар ма,

Көріңе, бар дүниең сыйғанменен...

Айтылған әңгіменің тегі шындық,

Дәмі – бал, бұл өмірдің суы – нұрлық.

Өмірді екі жүз жыл жасасаң да

Уақытқа татымайды екі күндік.

Өлінің мекені бір, түбі – қабір,

Тірінің тәу етері  – құбыла-дүр.


Өлшеулі өміріңді мазмұнды етіп,

Дүние тылсым сырын ұғына біл!

Ұзаққа созылар-ақ, тойың қайбір,

Тең ұстап, оң-солыңды пайымдай жүр.

Қорықсаң, мәшһәр күннен жаның үшін,

Бас ұрып, бір – Аллаһты мойындай біл!..

Төріңді сая көріп, сыр аштым көп

Түркістан, біл мендегі мұңды бөлек.

Шынайы өмір сырын ұғындырған

Білмеймін, сендегі бұл не құдірет?!.

Тіршілік жалған өмір таңы атқанға,

Өмірді мәңгілікке балап қалма...

Зиярат ете келіп кесенеге,

Тәу етіп, бас ие жүр – Жаратқанға!..

Пікір қалдыру