ҚОЛЖЕТІМДІ ӘРІ САПАЛЫ БІЛІМ

01 Қыркүйек, 2020 114 0

1-қыркүйек білім күні биылғы жылы бұрынғыдан өзгерек. Өткен жылдарда құшағымыз гүлге толып, оқушылармен қауышып, білім күнін ерекше көңіл-күймен қарса алатынбыз. Ал, биылғы оқу жылын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған Жолдауын тыңдап қарсы алдық. Ондағы мақсат – білім саласы, оқу жүйесі, мұғалімдер мәселесі жөнінде қандай өзгерістер, жаңалықтар болатынын білу еді. Жолдауды тыңдадық. Оқыдық. Білім саласына қатысты тың ақпараттар алдық. Енді сол жаңалықтарға тоқталып, өз пікірімді білдірсем.  Коронавирус індетінің салдарынан дүние жүзіндегі мектеп оқушылары мен студенттердің басым көпшілігі қашықтан оқуға көшті. Бұл жұмыстың тәсілі мен мазмұнын түбегейлі өзгертуде. «Ашығын айтқанда, әлі күнге дейін нақты бір онлайн-платформа жоқ. Мұғалімдер, оқушылар және ата-аналар күндіз-түні «WhatsApp»-тан бас көтермейтін болды. Толыққанды оқу үдерісі үшін қажетті барлық функциялары бар бірыңғай онлайн білім беру платформасын шұғыл әзірлеу қажет. Дегенмен, сапалы білім алу үшін әдеттегідей сабаққа қатысып, мұғалімдермен және сыныптастармен араласудың орны бөлек. Сондықтан, санитарлық талаптарды сақтай отырып, білім алудың қалыптасқан дәстүрлі тәсіліне қайта көшудің тәртібін әзірлеген жөн. Бұл, әсіресе, мектептер үшін маңызды. Күнделікті мәселелерді шешумен қатар, балалардың бәріне бірдей мүмкіндік туғызу үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет. Балаларымыз қай жерде тұрса да, қандай тілде оқыса да сапалы білім алуы керек»,-деді Жолдауда президент Қасым-Жомарт Кемелұлы. Сондай-ақ, білім саласындағы басты мәселенің бірі – ұстаздар жалақысының аздығы деді, Мемлекет басшысы. «Мен 2021 жылдың қаңтар айынан бастап мұғалімдердің еңбекақысын 25  пайызға көбейту жөнінде шешім қабылдадым. Жалақы мөлшері алдағы уақытта да арта береді.  Бұл мақсатқа алдағы үш жылда қосымша 1,2 триллион теңге бөлінеді» деп жағымды жаңалығын да айтып өтті. Бұл әрине мұғалімдер үшін үлкен мотивация. 
Жолдауда Мемлекет басшысы ғылым саласын да назардан тыс қалдырмады. Ол өз сөзінде «Ғылым саласын дамыту туралы да айтқым келеді. Бұл мәселеде бізге тың көзқарас пен жаңа тәсілдер керек, сондай-ақ, халықаралық тәжірибеге арқа сүйеуіміз қажет. Ғылымды қаржыландырудың және қолдаудың маңызды көзі – ірі кәсіпорындардың, әсіресе шикізат саласындағы компаниялардың қаражаты. Тапқан табыстың 1 пайызын ғылым мен технологияны дамытуға беру туралы қолданыстағы норма талаптары сақталмай отыр. Көп жағдайда бұл қаражат компаниялардың ішінде бөлініске түсіп кетеді. Үкіметке осы қаражатты жинақтау ісін орталықтандыруды және оның бюджет арқылы жалпыұлттық ғылыми басымдыққа сай бөлінуін қамтамасыз етуді тапсырамын» деп, айтып өтті. 

Қарлығаш СПАБЕКОВА, 
Абай атындағы мектеп-лицейінің директоры.

Пікір қалдыру