Бәйтік Алтай

20 Маусым, 2019 126 0


Рух кезген қала

(Әңгіме)

Мен оны қайдан көргенімді есіме түсіре алмадым. Жүзі жүдеп жадаған тозыңқы сұлба. Қос жанары қарадан гөрі қып-қызыл болып суалғанда шүңгірейіп ішке кіріп кетіпті. Көзге көз түйісе қалса зәреңді ұшыратындай. Білек еттері де сылынып түсіп қалғанға ұқсайды. Саусақтары да арса-арса шығып буындарынан ажырап қалыпты. Мойыны ұзарып қылдай жіңішкерген. Көзім мойыннан құлдап түсе беріп еді шаңқ еткен сөзі сүйегімнен өтіп миыма жетті.

-         Көзің шығады қарама,  көзің ағып түсетін болды-ау.

-         Әруақ, әруақ!

-         Менің денеме көз салып қараушы болма. Артыңада бұрылмастан Кесенеге тарт.

-         Қай Кесенеге? деген сұраққа ғана тілім келді. Тағы бірдеңе сұрайын деп ұмтылып едім жағым қарысып үнім шықпай қалған секілді.

-         Қожа Ахмет Ясауи Кесенесіне, - деді Жүрегім дүрс-дүрс қаттырақ соғып.

-         Иә, менің құрдасым дұрыс айтады, - деп қостаған сұлбаның дауысы анық естілді. Көзімнің алды бұлыңғырланып жер дөңгеленіп бара жатты. Мен жерге емес жер маған жақындап келеді. Есім көшіп, жаным ұшып кеткен өлі денедей сұлық қалдым. Сүт пісірім уақыт өткенде сөйлегіш жүрегіме тіл бітті.

-         Кеш қалатын болдық тездетіңіз. Болмаса ол ренжиді де айырылып қаламыз, - дей беріп еді сөз соңын әуелгі дауыс жалғап ала жөнелді.

-         Көзіңді ашпа, артыңада қарама. Тұрған қалпыңда Кесенеге тарта бер.

-         Өзім ертіп барамын. Қабір басына жеткенше өз-өзіне келіп қалар, - деді жүрегім.

Денем табыттай ауыр сезілді. Өне-бойым салданып қалғандай. Шөккен түйедей алға ұмтыла жүріп әзер тұрдым. Бөлме іші тастай қараңғы көзге түртсе көрінгісіз. Діріл басқан қолдарыммен сипалап жүріп есікті аштымда батыс бағытқа жүре бардым. Жол бастаушым жүрек. Көш бастаған серкедей салып ұрып барады. Мен емес жүрек жүріп бара жатқандай. Ежелгі өзім Саттар соқпағы атап кеткен жалғыз аяқ жол. Жүрісімде өзгерген қара жолдың шаңын шығарып желмаядай зар желіп келемін. Екі аяғымның жеңілдегені соншалық қаңбақтай сезілді. Өлі тыныштық түннің сұлулығына сән қосып ажарын келтіріп тұрғандай. Дала сүттей жарық ай сәулесі төгіліп тұр. Соқпақ жолды бойлап шығыстан батысқа құйғытып бара жатқан мен, жүрек, сұлба үшеуіміз ғана. Екеуі бір-бірімен сөйлесіп келе жатқандай. Не жайында сөйлескенін анық ести алмадым. Күңгірт дауыстар жаңғырып сала берді. Түсім шығар деген ойға келдім. Кенет өз ойымнан өзім сасып қалдым. Ай сәулесі астында Бекзаттың моласы аспанға қол созып тұр. Топ қабірдің ішіндегі еңсесі биік тас мола маған сөйлеп тұрғандай. Айна қатесіз қаладағы орталық үлкен қабірістан. Мола маған, мен молаға қарама-қарсы қаққан қазықтай сілейіп тұрмын.

-         Бекзат Саттархановтың моласы осы болар? - деді сұлба бәсең дауыспен естілердей ғана.

-         Рухты ұл ғой біртуар. Күллі әлемге қазақтың қандай халық екенін жұдырығымен танытып кетті, - деп жауап берді жүрек. Ойын жалғап тағы сөйлей бермек болып еді менің жүрегім сөз қыстырды:

-         Сен манадан көп сөйледің. Ендігі кезек менікі болуы керек. Ұялмайды екенсің мен тіршілік силамасам баяғыда өлгенсің.

-         Кешір! Тым өзімшіл емеспін. Менің жаңа өмір сүріп жүргенім сенің арқаң. Уәде құдай сөзі. Ендігі жерде кезектесіп сөйлейміз, - деді бірінші жүрек.

-         Ол маған көп сөйледі. Енді сөйлеу кезегі сенде, - деді сұлба екінші жүрекке сыбырға жақын.

Екінші жүрек: - Небәрі 19 жасында-ақ Сидней олимпиядасында алтын медал алды. Содан бері алаштың рухы тасып көк туы бокс төрінде желбіреп келеді. Бекзат болса Түркістан топырағында туды, туды да ұлы ісімен жауап бере алды. Мағжан ақынның Түркістанда тумақ түгілі өмір сүргеніңе мақтан дейтініде осы үлкен жауапкершілікке қаратылса керек. Ал, осы мола маңында жатқан Райымбек Сейтімбетов, Қаныбек Сарыбаев, Рахманқұл Бердібаев секілді қазақ қоғамының ауыр жүгін арқалаған аймаңдай ұлдарының еңбегі неге тұрады. Бір-бір төбе. Бір-бір қазақтың қатепті қара нарлары.

Сұлба: - Бекзат туралы 4 хатта, аты аталған кісілердің тұлғалық қыры хақында 406, 290, 210 хаттарда жазғансың. Былайша жақсы таныспын десем болады.

Бірінші жүрек: - Қайдағы хат?   

Екінші жүрек: - Өлімге себепші хаттар.

Сұлба: - Иең өз-өзіне келді ме?

Бірінші жүрек: - иә, келді.

Сұлба: - Иең сөйлесін. Жағдайдың толығын баяндап берсін.

Мен: - Құдай-ау, өңім бе, түсім бе? Сендер өлдіңдер емеспе?

Сұлба: - Мен бірінші өлдім.

Бірінші жүрек: - Мен екінші өлдім.

Екінші жүрек: - Мен үшінші өлдім. Ойбай- а а аууу жағыма жылан жұмыртқаласын, өлмеппін ғоой. Ием екеуіміз бір адам. Мен сізге бағынам. Өз-өзіңізге келдіңіз сөйлей беріңіз.

Мен. Екінші жүрек: - Саражан, Аман екеуіңсің. Дауыстарыңнан таныдым.

Бірінші жүрек: - Мен бүгін келдім Түркістанға. Сенің жүрегің орын берді де қайтадан тірілдім. Мақсатым қайта оянған қалада өмір сүру.

Сұлба: - Менде қайта оянған қала үшін келдім. Сол қуанышты жеткізушімін.

Мен. Екінші жүрек: - Қандай қуаныш?

Сұлба. Бірінші жүрек: -  Таң таңдайы сөгіле 19 маусым 2018 жыл.

Бірінші жүрек: - Қуаныш ертеңнің сыйлығы. Қазірге өлімге себеп хаттардың жайына тоқтал.

Мен. Екінші жүрек: - Жынданатын шығармын. Өліпте қалған болармын. Бірақ әзірге тірімін. Менің өлуімеде, жындануымада болмайды... Өлімге себеп хаттар жайын айтайын. Осыдан бір жыл бұрын Аман дейтін жан досым дүние салды. Оның өліміде жұмбақ. Кітап бөлмесінде асылып қалған. «Санасыз өмірден салдарлы өлім артық» деді ме бұлда бұлыңғыр. Өте ақылды, зерек болмысы дара-тұғын. Білмге ұмтылғыш болатын. Бала кезінен кітап құмар ақын жанды азамат еді. Екеуіміз мектеп қабырғасында таныстық. Бесінші сынып оқып жүргенде Саражан дейтін қызға бірдей ғашық болдық. Жүзі аққұла тартқан зипа бойлы һас сұлудың өзі еді. Алтын қабақтары түйілмейтіндей, найза кірпіктері қағылмайтындай, тостағандай құймыр көзі жұмылмайтындай кермаңғаз көлең қыз болатын-ды. Құлаң шаштың нағыз өзі еді шаштары тобығына дейін түсіп тұратын. Қайдам қос жүректің жатса-тұрса арманы болған сұлу достықтың кілтіне айналды. Сол күннен бастап досым екеміз мейлі қандай жағдай болсада дос болуға серт байластық. Сол қызға сезімді бірдей білдірдік. Бала махаббат санамызда бірдей бүр жарды. Арада қаншама жылдарды артқа тастап ауылдан алыс қалаларға студенттік сапармен аттандық. Біз екеуіміз уәде бойынша Түркістан шаһарына ат басын байладық. Бармақтай бақ болды ма бір оқу ордасына бірдей мамандық бойынша оқуға түстік.  Біздің бала ғашық шетелден оқуды жөн деп тауды. Бақыттың ұжымағын Жапониядан іздеп ол кетті. Бар сыйға тартқан махаббаты бір-бір кітап. Оралхан Бөкейдің «Өз отыңды өшірме» романы. Екі кітап соңынада бірдей сөз жазған : «Мендей қазақтың қара домалақ қызын ұмытып кетпе... САРАЖАН. 27.08.2014.»         Түркістан бізді жылы қарсы алды. Жылы болатыны да киелі атымен санада жаңа бір ағыс жасап жатыр ғой. Біз ұлы армандар үшін күрес бастап кеттік. Екі дос өмірдің қиын-қыстау парасын осы қалада өткіздік. Оқу оқып білім іздедік. Бір ғажабы Саражанға телефонда сөйлеспей хат жазып тұратын болып бәс тіктік. Бәсте жеңілгеніміздің жазамыз біреу ған өзін-өзі асып өлтіру.  Үрейлі де қоқынышты болсада осыған келістік. Бұл бәске Саражанда қосылды. Келісімнің енді бір тармағы бойынша айына он хат жазылуы керек. Мен қарғыс атқан түн деп атағым келетін алғашқы хат 2014 жылдың 30 қыркүйегі таң жапсары түріле бозамық тартып ақселеуленген сәтте жазылып болды. Бұл бәс махаббаттың қызғанышқа алып барған ұлы қылмысы еді. Біз осылайша 360 парша хат жазып болған күні төбемізден жай түскендей қаралы хабар жетті. Саражан түнгі үштер шамасында жатақханасында асылып өлген. «Эһ, дүние-жалған кім кінәлі» деген  сұрақ түйіншек болып қалды. Бәс жалғаса берді. Қағида бұрынғыдай хат Саражанның рухына арналады. 510 парша хат жазылып болған күні ауылға кеткен Аман өз үй кітапханасында асылып қалған сұм хабары жетті.

Сұлба: - Саражанмын. Ешқандайда өзгермеген баяғы сол менмін. Келу себебім сендер мадақтаған қаланың айы оңынан туып  қайта оянған бейнесіне,  қазаққа шашқан нұрына куә болсам деймін.

Бірінші жүрек: - Рас айтасың, мен сол Аман досыңның жүрегімін. Менде сол өзіміз армандаған қала өмірін сезіп-білсем деймін.

Мен. Екінші жүрек: Қала үшін қуанам. Демек Түркістанның қуанышы. Ол – барша қазақтың қуанышы, барша қазақтың мақтанышы. Ол – барша түркі әлемінің мақтанышы. Өлімге себеп хаттардағы қала жырынан үзінді оқып көрейік.

Сұлба. Бірінші жүрк: - Өз хаттарыңнан оқы!

Мен. Екінші жүрек:

Бірінші хат

Қожа Ахмет Ясауи һам кесенедегі барлық бабалар әруағына серт! Түркістан шаһарының киелі атымен бастаймын...

Саражан, мен хатты осылай бастадым. Түсінерсің деп білемін. Қатты тебіреніп толқып отырмын. Сөзді неден бастарымды да білмеймін. Шынында қиын-ақ. Өзіңді өлердей сүйемін. Саған ғашық болған күннен бері күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалғамын. Менің жан досым Аманда солай. Габриэл Гарсия Маркес «біреулер айтады адам қартайған күннен бастап ғашық болудан қалады десе, мен адам ғашық болудан қалған күннен бастап қартая бастайды дер едім» дейтін атақты ой-толғамын бұрынғыдан неше есе артық түсіне бастағандаймын. Ғашық болу шешімі жоқ жұмбақ дүние секілді күңгірт әрі бұлыңғыр. Оның шешімінде іздегім келмейді. Жауабында тапқым жоқ. Менің үшін ғашық болудың себебі жоқ. Бүгінгі хатта сезіміміз жайлы осыншалық болсын.

Біз ақымақтық жасағаннан қалаймыз? Махаббат үшін, қызғаныш үшін өмірімізді бәске тігіп отырмыз. Қойшы болды қалай болмасын басқаларға ұқсағымыз келмейді. Менің білетінім осы.  

Білесің ғой біз Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ – түрік университетінде білім алып жатырмыз. Бұл жоғарғы оқу орыны бүгінде әлем көгіндегі 180 милионнан асатын түркі халықтарының бүгінгі және келешек буындарына арналған алып қара шаңырақ саналатын білім ордасы. 1991 жылы 6 маусымда «Қожа Ахмет Ясауи атындағы Түркістан мемлекеттік университеті» болып егемендік жылдары  ірге тасы қаланған. 1992 жылы басталған Түркиямен ынтымақтастық достық негізінде халықаралық дәрежедегі білім орталығына айналған. Менің ойым әр хатта осы шаһардың бет – бейнесін, таңғаларлық ғұмырнамасын әңгімелесем деймін. Хаттың басталуына таңғаларсың. Түркістанға табынып кеткеннен қалай деген ойғада қаларсың. Шынында Түркістанға таңғалдым, тамсандым, ғажаптандым. Өйткені Түркістан – тамыры Ү-ҮП ғасырлардағы Түрік қағанатынан басталатын қасиетті ұғым. Ежелгі ұлы түрік қағанаттарының борықты жұрты. Ұлы қонысы. Кір жуып, кіндігін кескен құтты мекені. Күллі орта азияда маңызы бар ескі шаһар. Ұлттық тарихымызды  тереңдетіп 1500 жылға апарған, тіпті 2000 жылдан ары  деп мақтан тұтуымызға бұйдагер болған киелі қоныс. Ел болып Түркістанның 1500 жылдық тойын дүркіретіп тойлағанымыз рухымызды ұйқыдан оятқан еді. Сөзімізге дәлел ретінде: «Түркістан тарихы жайында ғылымда әртүрлі көзқарас бар. Әлемнің бірнеше археологы - Н.А.Деревянко, Марсель, Ж.Таймағамбетов, З.Исабеков бірігіп жазған еңбектерінде Түркістанның табиғи жасы – 2500 жыл деп дәлелдейді. Ондай пікірге келуіне себепкер Түркістан маңындағы «Шоқтасты» қазуы. Енді бір тарихшылар Түркістанның жасы – 1500 жыл дейді. Рахманқұл Бердібай сияқты  әдебиетші ғалымдар Түркістан тарихын ең болмаса 2000 жыл атап тойлайық дегенді айтады. Мәселеге ғылым көзімен қарау керек. Ол – келешектің мәселесі», - деп Түрколог ғалым Құлбек Ергөбектің «Түрікстан жинағында» ағынан жарылып сыр шерткен ойтиегін айтқым келеді.  

Ал, Түркістан шаһары болса  Шығысы тарихи Отырар, солтүстігі Кентау қаласы, батысы Қызылорда обылысының Жаңақорғанымен шектесіп жатыр. Ежелгі Яссы аталған бұл шаһар қазақ хандығы үшін екі жүз жыл хан ордасы атанды. Қазақтың ай мұйіз ұлдары  қан кешіп жүріп түн ұйықтамай, күн күлмей қорғады. Жанын берді. Басын бәйгеге тікті осы киелі топырақ  үшін. Мұсылманшылдықтың алтын бесігі болған киелі шаһарда әлемнің сегізінші кереметі аталатын Қожа Ахмет Ясауи кесенесі бар. Орта ғасыр сәулетінің жауһары ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізіміне енген. Әмір Темірдің жарлығымен салынғаны тарихи деректерде айтылады. Кіре беріс ғимараттағы жазбада «Бұл киелі орын Алланың сүйікті құлы, әмірші Әмір Темірдің бұйрығымен тұрғызылған – Алла оның әмірін мәңгілік етсін!» деп жазылған. Кесене 30 дан астам бөлмелерден тұрады. Кесененің үлкен залында салмағы екі тонадан тұратын киелі қола тайқазан орналасқан. Киелі қазан туралы аңыздық айтылымдар оның сирек кездесетін металдардың қоспаларынан ежелгі Қарнақта жасалғанын айтады. Оның симболы түркі тайпаларының қонақжайлылығы һам ынтымағы болып табылады. Тайқазанды 1934 жылы Ленинградқа алып кетіп Эрмитаждың залдарының біріне экспонатқа қойған. Өзбекәлі Жәнібек секілді  ұлт қайраткерлерінің атсалысуымен Тайқазан 1988 жылы ғана қайтып оралған. Қожа Ахмет Ясауи (Әзірет Сұлтан) ең көне түркі тіліндегі кітап саналатын «Диуани Хикмет (немесе «Даналық кітабы») еңбегінің авторы. Түркілік түс алған софылық мектебін жасаушы ақын. Кесенеде Қожа Ахмет Ясауи бастап, қазақтың атақты  Есім, Абылай секілді хандары, батыр, сұлтан, билері болып 186 дан астам тұлға жатыр. Осы үшінде қазақ рухының қазығы болып тұрған жайы бар. Тарихи маңызы тұрғысынан күллі түркі халықтарының рухани алып қара шаңырағы деуге себеп көп.  Мәдени – рухани ордалардан «Түркітілдес халықтар кітапханасы»,   «Бейсембай Кенжебайұлының түріктану музейі», «Түркістан сазды драма театр», «Түркі халықтарының өнер галлериясы», «Әзірет Сұлтан»   мемлекеттік тарихи – мәдени мұражайы», «Түркістан тарихы музейі», «Тарихи –этнографиялық мұражай», «Саттар Ерубаев атындағы әдеби – мәдени мұражайы»,   «Нәзір Төреқұлов музейі» болып кете береді.  Киелі орындар қатарында Ахмет Ясауидың  ұстазы Арыстан баб кесенесі,  Гауһар ана кесенесі, Үкаш ата құдығы, Жылаған ата секілді көптеген  әруақты орындар бар. Тіпті біз таңғалатын құм астында қалған Отырар, тарихы терең Сауранда осы қала айналасында екен. Сондай-ақ Түркістанның бұрынғы-соңғы тарихында қазақ қоғамына еңбек еткен өнер адамдары, тұлғаға айналған дара дарындылар көп-ақ. Бергі тарихта бокс тарихын жаңалаған қыршын ұл Бекзат Саттарханов, әдебиеттің қыршын жұлдызы Саттар Ерубаев, қазақтың дуаиен елшісі Нәзір Төреқұлов, алаш арысы Сұлтанбек Қожанов, мемлекет қайраткері Нұртас Оңдасынов,  Тайқазанды алып келген Өзбекәлі Жәнібек, атақты түрколог ғалым Рақманқұл Бердібаев, ақын Қаныбек Сарыбаев, ақын Сабырхан Асанов, таетр тарланы Райымбек Сейтметов секілді аймаңдайлар өз алдында бір-бір төбе. Жалпы Оңтүстік өңірдің ел мен жер үшін туған оғылан ұлдары мен жүзін күн сүйген қыздары жетерлік. Қазақ қазақ болып даңқы асқан ескі заманнан бүгінге дейін болып келеді. Келешек ғасырларда да бола береді. Үлкен жақтан Түркістанның таңғаларлық қырын айттым. Ендігі хаттарымда тұлғалардың барлығына жеке-жеке тоқталатын боламын. Түркістанның біз таныс болған ғажайып болмысын хаттарыма арқау ететін боламын… 

Әрине, біз мектеп қабырғасында жүріп осы құдыретті қала туралы оқыдық. Оқу бір басқада сезіну бір басқа екеніне бек сендім. Саражан уақытың болғанда осы қалаға міндетті түрде келуіңді тілеймін. Содан кейін сезінер едің… Бүгін осыншалық айттым. Менде рухани дүниеме серпін беріп ұлы байлық болып қосылып жатқан осы дүниелер үшін шексіз қуаныштамын. Енді біліп жатқаным үшін кей дүниелер осыншалық болды. Алдағы хатта түп - тұқиянына дейін байымдауға барымды салатын боламын…Амандық болсын, Аллам асыл рухымызды нұрландыра бергей...

30.09.2014

Отыз алтыншы хат

     Қожа Ахмет Ясауи һам кесенедегі барлық бабалар әруағына серт! Түркістан шаһарының киелі атымен бастаймын...

         Саражан, сағыныш меңдетіп жүр. Хаттарыңды оқыған сайын өзге ғаламға кез болғандай күй кешемін. Көп дүние айтқым келеді. Бірақ қолыма қалам алып жаза бастағанда аузыма сөз түспей қиналамын. Ойыма Өзбекәлі Жәнібектің: «Тағдырдың маған мәңгілік адал жар, балаларыма асыл ана болсын деп қазақтың мұнтаздай таза, қарапайым қызы Қалиханды кездестіргеніне дән ризамын» -, деп жары Қалихан туралы айтқан жүрек сөзі орала береді. Шынында әйел бақыты, әйел бағасы осы қошаметтен аспаса керек. Кейде сені сондай бағалайтын күнге жетсем деймін. Қайдам қазақтың бақытына туған асыл мінезді ұлдың болымысына тамсанғаным ғой. Қажымас еңбегіне бас игенім ғой.

         Сөз баянын Өзбекәлі Жәнібек жайында айтайын. Түркістан топырағының киесі дарыған үлкен жүректі ұлт азаматы. Қайталанбас қайраткер тұлға. 1931 – 1997 жылдары ғұмыр кешкен.  Қарапайым мектеп мұғалімінен Орталық комитеттің хатшылығына дейін өскен. Қызыметнамесі осылай. Бар өмірін ұлтына арнаған қажымас еңбектің иесі. Өзбекәлі Жәнібек Орталық партия комитетіне хатшы болып барған тұста Шәкәрім Құдайбердіұлын ақтауға ұсыныстар түсіп сол бойынша Орталық комитет комиссия құрған болатын. Біраз кері таластар бола жүріп ақыры 1988 жылдың сәуір айында Шәкәрімді ақтауға шешім қабылданған. Сол тұста Өзекең аталған комиссияға Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймаутов, Мағжан Жұмабаевтардың ісін қарауды тапсырған. Осы арқылы олар қатысқан Алаш орда үкіметі қызметі мен Алаш қозғалысын жаңаша бағалаудың басында тұрды. Боздақтарымызды ақтаудың өтінде жұмыстар жасады. Қазақ үшін аянып қалған жоқ қолынан келгенін жасады. Өмірі ұлты үшін өтті. Торғай обылысын аяқтан тік тұрғызуының өзі неге тұрады. Сол тұста ежелден бар облыстардың өзінде театр жоғын ескерсек Торғайда театр құрып сахнасын «Айман-Шолпанмен» ашуы қандай еңбек. Тіпті  Торғайдың өлкетану музейін өз қолымен ұйымдастыруы қандай көрегендік. Табиғаты тазалық пен адалдықтан тұратын батыл келген тік мінезді Өзбекәлі Жәнібек Советтік биліктен еш қаймықпастан ұлтына тер төкті. Өмірдің ащы – тұшысын бір кісідей тата жүріп Ленинградтағы Эрмитаждан Тайқазанды алдырудың машақатты жұмысында жеңіспен орындады. Мемлекетаралық құжаттарды тыңғылықты мұқият дайындатты. Бөгде ойда болуға Ресейдің де шамасын келтірмеді. Ондай ырықта, мүмкіндікте берген жоқ. Бұл кісі жайлы бір хатқа сыйдыру мүмкін емес. Ерлігі мен еңбегінде аз сөзбен жеткізуде болмақшы емес. Бар болғаны мақтанышпен айта алатын көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, мәдениеттің қомқоршысы, зерттеуші – ғалым Өзбекәлі Жәнібектің киелі Түркістанмен тамырлас болғаны үшінде аздап сыр шерттім...

18.12.2014

Жүз жиырамасыншы хат

Қожа Ахмет Ясауи һам кесенедегі барлық бабалар әруағына серт! Түркістан шаһарының киелі атымен бастаймын... 

Саражан, хатыңды  тапсырып  алдым. Орналасып  алғаныңа  қуанамын. Қашанда  жолың ашық болып көңілді  жүргеніңді  қалаймын. Хатта көп дүние айтыпсың. Токио үлкен  қала ғой. Шынымен тамсанарлықтай  жазыпсың. Жапон ұлтының ұлттық рухына менде қызығамын. Нобель сыйлығының иегері Ясунари Кавабатаны қызығып оқығанмын. Юкио Мисима қатты таңғалдырған. Рэноскэ Акутагава әлемі мені ұйқыдан оятқан. Кэндзабуро Оэ шығармаларының құдіреті санама жаңғырық жасаған. Дзюньитиро Танидзакидің мықтылығына талас жоқ.  Кобо Абэнің «Құм құрсауындағы әйелі» үлкен шабыт сыйлаған. Харуки Мураками туралы басқашалау ойлаймын. Бірнеше күн бұрын ғана «Ну ормандағы махаббат» романын оқып шықтым. Жапонияда және  әлемдік баспа базарында ойып орын алған неше милиондаған тиражбен тараған шығарма. Бірақ, біздің ұлттық менталитетімізге келмейді-ау. Онсызда бүгінгі кесір қоғамның сананы улап жатқаны жетеді ғой. Жалпы Мураками шығармасы порнографиялық тақырыпты көп айтатыны шын. Ал, Мисиманың «Алтын ғибадатханасы» басқаша әлемге жетелейді. Бірде  бір досымның осы романды оқып шыққан соң «менде сондағы кейіпкер секілді ойлап Қожа Ахмет Яссауи кесенесін өртеп жіберсем қайтеді» дегені барды. Себебін тарихта осы таңғажайып ұлы кесенені өртеп жіберуші ретінде атым қалады деп түсіндірді. Айтарға болмаса үрейлі. Жан дүниеге қорқыныш ұялатады. Сан ғасырлық тарихы бар жәдігерді күлге айналдыру қылмыстың ең үлкені болған болар еді. Ұлттық рухымызға нұр шашып тұрған көзі тірі Кесене Алаштың айбыны ғой. Мейлі қалай болмасын  бұл ой  шығарманың  оқырман  жанына  жасаған сілкінісінен туды дер едім. Келесі хаттарда Жапон әдебиетінің соңғы жаңашыл жастары туралыда айтарсың. Мен үшін ұлт ретінде сүрлеуі  басқа ұлт осылар. Заманында  Алаш арыстары Жапоня  үлгісін пайдалануды ортаға қойғаны да бөлек әңгіме. 

Бұл хатта Түркістан шаһарымен аты байланысты Алаш арыстарының бірі Сұлтанбек Қожанов жайлы айтайын. 1894-1938 жылдары халқының ұлы бола білген мемлекет және қоғам қайраткері. Заманының үздік публицисті, әдебиеттанушы, ағартушы-ұстаз, ақын. Сегіз қырлы бір сырлы тұлғалық биіктікке жеткен үлкен жүректі азамат. Өзі өмір сүрген дәуірдегі қазақ баспасөзін шебер ұйымдастыра білді. 1917-1929 жылдар аралығында «Тарпаң», «Тоқпақ» деп келетін бүркеншік атпен шығармалар жариялады. Сұлтанбек Қожанов «Ақ жол» газетінің тағдырласы. Бірінсіз бірін елестету мүмкін емес. Заманында түрікшіл жастар «Кеңес» атты жастар ұйымы құрылды. Соның бірінші ұйымдастырушыларының бірі болды. «Бірлік туы» газеті арқылы өз күресін жасады. 1918 жылы Түркістандағы ашаршылықпен күрес жөніндегі комиссияны басқарды. Сол тұста аш адамдарды астықпен тегін қамдады. 1918-1919 жылдары Райпродкомның секретары, халық уисполком мүшесі, Сырдария ревкомының төрағасы қызметтерін атқарды. 1922 жылы Түркістан республикасының оқу-ағарту халық комиссары болып, 1923 жылы Түркістан республикасы жер-су халық комиссары  болып қызметтер атқарды. Кеңестік үкіметте мақта шаруашылығының дамуы осы кісінің атымен байланысты. «Есептану құралы» оқулығы Сұлтанбек Қожановтың тағы бір қырынан танытатын еңбегі. Ұлты үшін көп еңбек етті. Қазақ елінің бірлігі Қожановтың бірінші тақырыбы болды. Халқының жарқын болашағы үшін өмірін бәйгеге тікті. Қолынан келген бар мүмкіндікті жасады. Елінің тұтастығы, тәуелсіздігі мәңгілік ұстанымы-тұғын. Ақыры сайқал билік, шайтан комунизм түбіне жетті. Халқы үшін у ішті. 1938 жылы 10 ақпанда атылды.

Саражан, Түркістанның топырағы ізгілік нұры мен өр рух берген аймаңдай ерлер туралы жәй мәліметтер бердім. Сұлтанбек Қожанов жайлы сөз бастау салмақты. Еңбегі ұшан теңіз. Мүмкін еңбек жолы жайлы ізденіп оқып көрерсің. Шығармаларыменде таныс боларсың. Сұлтанбек әлемі бізге жол бастаушы...

21.09.2015

Жүз тоқсан үшінші хат

     Қожа Ахмет Ясауи һам кесенедегі барлық бабалар әруағына серт! Түркістан шаһарының киелі атымен бастаймын...

Саражан, махаббат жайлы ойларыңды түсінгендей болдым. Біз барлығымыз жер бетінен махаббат іздеушілер шығармыз. Бірақ махаббаттың анықтамасы жоқ қой. Кім білсін біз іздеп жүрген махаббат нәпсігі тұншығып өлген шығар...

Түркістан тұлғаларына сөз бұрайын. Алдымен мына бір сөзді оқып көрейікші. Кеше қалалық Талғат бальницасына бара жатып сол қанатымдағы үлкен тақтадан Нұртас Оңдасынов айтқан «Бірінші, сонша жыл ел басқарып, біреуге нақақтан жала жауып, қиянатқа барған емеспін – АРЫМ ТАЗА. Екінші, 1937-1938 жылдардағы қаралы күндерде боздақтарды атып жатқанда, бір қағазға да қол қойған емеспін – ҚОЛЫМ ТАЗА! Үшінші, адамдарды жершілдікке, атаға, руға, жүзге бөлген емеспін – ЖҮЗІМ ТАЗА!»  деген атақты сөзін оқыдым. Оқыдымда аңырып қалдым. Қатты әсерлендім. Жүрегімнің қағысыда тездеп сала берді. Денем ұяттан өртеніп бара жатқандай. Кесір заманда сайқал биліктің жүзінде тұрып осыншама ерлік жасау кімнің қолынан келмек. Құлқын үшін жүретін әлдекімдер кімге өнеге болсын-ақ. Олар осылай жасағанды қойып түсіне алар ма екн?!  Қазақ қоғамында зұлмат аталған 1938 жылдардағы  репрессияның кесірінен 125 мың адам тұтқындалып, 25 мыңнан астамы атылып кеткені шындық. Осындай қиын да күрделі қайшылықтарға толы кезеңде ел басқарған тұлғаның жан сыры. Жан сыры болғанда да өз басының ақиқаты. Түркістан топырағында туған тағы бір үлкен тұлға - 1904-1989 жылдар арасында өмір сүрген Нұртас Оңдасынов. Түркістан жұртында туып тағдырлы балалық шағы болған, Тәшкенттегі №14 жетімдер үйінде тәрбиеленген. Жетімханада сабақ алған ұстаздары – Әмин Жүсіпов, Сәдуақас Оспанов. Жетімханаға баруына ықпал жасап бір топ баламен бірге алып барушылар заманының жастар көшбасышы болған Ғани Мұратбаевтар болатын. Бала Нұртастан дана Нұртасқа айналған өмір жолы тар жол, тайғақ кешу болды. Ұзақ жылдық басшылық өмірінде қазақстанның ішкі экономикасы мен мәдениетінің, ғылым-білімінің дамуына сара жол жасай алды. Өзінің даралығын көрсете алды. 1938-1951 жылдары 13 жыл бойы Қазақ ССР жоғары Советі Президумының төрағасы қызметін атқарды. Кеңестік темір жүйеде жұмыс жасасада ұлтыны, ұлтының болашағына қызмет етті. Ол – үлкен қоғам және мемлекет қайраткері...

11.04.2016

Екі жүз оныншы хат

Қожа Ахмет Ясауи һам кесенедегі барлық бабалар әруағына серт! Түркістан шаһарының киелі атымен бастаймын...

         Саражан, хатыңды оқыдым. Ләйлә болғым келмейді депсің. Ол көңіл күйіңді түсінемін. Ақиқаты ешкімде ешкім бола алмайды. Бар болатыны ұқсату ғана. Жұматай Жақыпбаевтың Ләйләсі әлде қашан аспанға жерленген Жұмағұл-Шораға ұшып кеткен болар. Ай тағалы Кенежиренді күміс жүгенмен ноқталап мініп алып, Ләйлә жырын оқыған Жұматай ғаршағалаға кетіп бара жатқанда шығар...

Тағы Түркістан тұлғаларына тоқталайын. Бұл жолы ой қайраткерлігін халқына арнаған ғылым – серкесі, түркі дүниесінің тарланбозы аталған Рахманқұл Бердібай жайлы айтайын. 1927-2012 жылдар арасында өмір сүрді. Арыдан бебеулеп үн қоссақ, беріден толғаныс сырын шертер болсақ тамыры тереңде жатқан өмір жолы өнегелі, үлкен ғұмыр кешкен тұлға туралы болмақ. Әдебиет тарихын зерттеуші. Қазақ әдебиет тарихын зерттеу мектебінің  қара үзген кіл жүйрігі һам зерттеу мектебі қалыптасқан аса көрнекті  фольклорист. Үлкен түрколог ғалым. Түкіргені түйме алтын, қақырғаны қайма алтын болып тұрған советтік империя кезеңіндегі идеология қатып-семген, бір арнаға тоғысқан басынан-башпайына дейін марксизм-ленинизм жолымен қаруланып ертегі де айтылатын бір басын кессе тағы бір басы шығып жататын жеті басты айдаһар тәрізді, барша сұмдық өніп-өсетін жалмауыз кемпір секілді сайтан сарынды улы саясатқа қарсы келмек түгілі бетіне қарсы келе алмайтын кезеңде ұлттық мүдде туралы сөз айту қақпанға түсіп өз-өзін жоғалту болатын. Бодандық усында тұншығып өзгенің зор шығып, екі көздің сонда шығуға тақап тұрған қасіретті шағы еді. «Осы елуінші жылдары, қазақ әдебиеті газеті жабылып қалып, қайта жарық көрген тұста қатарға тұра қалып /Сын бөлімінің меңгерушісі/ Қазақ қасиеті мен қасіреті, ана тілінің ары мен бары туралы тартынбай қалам сілтеп, жазықты болып жапа шеккен./ Бейсембай Кенжебаевтың «Өтелмеген парыз» мақаласы үшін жазықты етіп газет редакторы С.Мәуленов, орынбасары Ж.Молдағалиев, жауапты хатшы Т.Әбдрахымановты қызметтен босатқаны бар. Одақтық, ресубликалық газеттерде «жас ұлтшыл аталып, әшкерленгенде осы Р.Бердібай». Қанша теперіш көрседе таланттылықтан танбай, табандылықтан бір елі ажырамай еңбек етіп, бүгінгі қазақ жұрты сүйген тұлғаға айналып отырғанын айтыңыз»-, дейді сыншы, ғалым Құлбек Ергөбек. Осы кезеңнен бастап ұлтын сүйген бөгенайы бөлек, болмысы басқа Рахманқұл Бердібай бейнесі өзгеде қырларынан таныла бастады. Ел есіне есімі терең бойлап кете барды. Ықыласты алқауға, қошаметке бөленіп отырды. «Қазақ әдебиеті» газетінің 1956 жылғы 22 сәуірдегі санында жарық көрген «Ең үлкен мәдени байлық» мақаласы кеңестік құрсауда жабық, тұмшаланып, басылып жатқан тақырыпқа жол ашар болды. Ер жүрек батыл бастама еді. Ұлтын жоғары қойып намысын жоқтаған алдаспан жүзіндей рух бейнесі болатын. Жол салынды да кейінгілерге мұрындық болды. Осылайша өз жалғасын тапты. Кейіндеп осы тақырып төңірегінде «қазақ әдебиеті» газеті арқылы Т.Кәкішовтың «Тіл мәдениеті», Т.Қожекеевтің «Ұлттық сезімді ұмытпайық», М.Қаратаевтың «Қайта қарауды қажет ететін мәселелер» т.с.с материалдар жарық көрді. Ал, ерліктің бастамасы ерен болғанымен «баяғы жартас сол жартас» дегендей тағдыр сиы қатал болды. Қуғын көрді. Сүргін көрді. Жала жабылды. Кеңестік итаршылардың жүзіне күлкі үйіріліп маңдайларына бақ қонғандай қабағат қуанды. Жем тапқандарына тоқмейілсінді. Мейілінше мәз болды. Аспаннан тегін май шелпек жауғандай күй кешті. Жерден алтын тапқандай қуанды. Бірақ, дегендері болмады. Атақты М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Б.Кенжебай секілді аға буыннан бата алып, көз көрген, алқауымен қошаметіне бөленген һам солардың тауқыметке толы тағдырлы жолын қайталап бастан кешкен, солар жүрген жолды басып, солар қалдырған ізді қайталаған халқының сүйікті перзентінің десі басым болды. Баба рухы жебеді.

Саражан, өнегелі өмірі жайлы ұшан теңіз дүние айтуға болар еді. Тек үлкен ерлігінің біреуі жайлы сөз еттім. Орайы болып келіп жатқаныңда тағы тереңдеп айтармын. Таңдамалы томдықтар жинағын тауып жатсам өзіңе қуана-қуана  сыйға тартамын. Сөреңде ұлы еңбектің тұруы бақыт қой!

20.06.2016

Екі жүз сексенінші хат

Қожа Ахмет Ясауи һам кесенедегі барлық бабалар әруағына серт! Түркістан шаһарының киелі атымен бастаймын... 

Саражан, ғашықтық қандай ғаламат сезім. Жүрегіңе буырқанған шабыт сыйлайды. Асау қызғаныш оты лапылдап жанады. Онсыз дүние жалған. Түккеде тұрғысыз мәнсіз тіршілікке айналады. Саған деген шексіз махаббатымның құлыптасын қалам ұшымен жазғым келеді. Осындай сезімде жүріп Саттар Ерубаевтың ғашық отына тамсандым. Сондай  таңғалдым. Меруертке ғашықтығын айтам. Оған деген сезімін тілмен жеткізіп береде алмаймын. Меруерт алқа өлеңін оқиын: 


Аспандағы күміс айдай, жас ақынның жары бар,

Аспандағы күміс айдай, құралайдай жаны бар.

Құралайды, күміс айды, тура қарап көріп ет:

Көздері бар күлімдеген, күлкісі бар меруерт.

Қас қарайып күн де батады, сәулелері таралып,

Қыз да шығады құралайша жібек шашы таранып.

Күн де кетеді көк бетінен сәулелері таралып.

Қыз да шығады күлімсіреп, көк лентаға оранып.

Ақын сонда: «Сәулем – дейді - қалқам, дейді - жар» - дейді.

«Күнге арналған, күндей күлген жібек жырым бар» - дейді.

«Күнге оранған, күндей күлген күміс күйім бар» - дейді;

«Меруерт қып, менікі деп меншігіңе ал» - дейді.

Сұлу сонда: «Күнге арнаған жырыңды өзің ал» - дейді.

«Маған меруерт болатұғын бір - ақ нәрсе бар» - дейді.

─ Күнге арнаған күміс күйді беріп едің талайын,

Енді маған көсемге арнап жыр жазып бер, алайын.

Көсемді айтып жыр жазып бер, жүрегімді орайын.

Омырауға, жібек шашқа лента қылып тарайын.

Көсемді айтқан жырдан артық меруерт бар ма тағатын,

Одан артық силық бар  ма ақындардан алатын.

Одан артық лента бар ма сұлуларға тағатын,

Одан артық бақыт бар ма іздеп жүріп табатын!

Кермет махаббат лирикасы. Жалындап тұр. Лапылдап тұр. Бұл ақын Саттар. Ал, жазушы Саттардың аяқталмаған романы "Менің құрдастарымды" оқып шығып оғанда тамсандым. Тамсандырмай тұра алмайды. Тағы сол махаббат салтанат құрады. Рахмет пен Лизаның махаббат жыры қандай қүдіретті күш деп ойладым. Романның  өн бойы толған жігерлендіру. Ондағы адамгершілік пен  ерліктің образы Ықыласты бек қадірледім.  Сүйсініп сүйіп оқып шықтым. Жастық жалынның оты ұшқындап менмұндалайды. Күллі шығармалары от болып жанып тұратын Саттар Ерубаев қамшының сабындай қысқа ғана 23 жас-ақ ғұмыр кешті. 1913-1937 (кей деректерде 1914-1937) жылдар белесі азғантай уақыт. Бүгінгі заманда кейбіреулердің есінде білмей ойын баласындай күй кешіп жүретін жасы. Сол аз ғұмырын ұлтына қызмет етуге арнады. Заманының үздігі болып білім алды. Жоғары білім алғаннан кейінгі төрт жыл ғұмыры белсенді еңбектерге арналды.  Өмірге өлердей ғашық қалпында замана үнін селт еткізер отты жырларымен өріп берді. Сол дәуірдегі жаңа өмірге ұмтылыс жасап табан ет маңдай терін төгіп жатқан  құрдастарының бейнесін қаламмен сомдап кетті. Содан бері әлденеше буын ұрпақтары рухани жебеп, ғажайып күш беріп келе жатқан қазақ әдебиетінің қыршын кілассигі Саттар рухын қадыр тұтып тамсанып келеді. Осындай ұл туған Түркістан топырағыда асылдың асылы деп кие тұтады… 

Пікір қалдыру