«Алматы-Ақтөбе» пойызында толғағы қысқан әйелді жолсерік босандырып алды

7 қаңтарда Ақтөбе бағыты бойынша жүрген жолаушылар пойызында қыз бала дүниеге келді.

Ақтөбе бағытындағы жолаушылар пойызында қыз бала дүниеге келді, деп Turkistanmedia.kz хабарлайды El.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Толғағы басталған әйел жолсеріктің көмегімен босанған.

Жас ана Айнагүл Тілеубергенова Тоғыз станциясынан Ақтөбе қаласына дейін №33 «Алматы-Ақтөбе» бағытындағы пойызымен жолға шыққан. Пойыз бригадасының қызметкерлері дереу қажетті шараларды қабылдап, нұсқаулыққа сәйкес пойыз машинисін хабардар етіп, жедел жәрдемді жақын маңдағы Жем станциясына шақырды.

Жедел жәрдем келгенге дейін пойыздың жолсерігі Ғалия Қабдрахманова вагонда босанған әйелге қажетті көмек көрсетті. Сағат 14:27 минутта сәби дүниеге келген.

Жем станциясына келгеннен кейін нәресте мен анасын жедел жәрдем қызметкерлері қабылдады.

Мен баламның өмірі үшін қатты қорықтым. Алайда, пойыз қызметкерлері маған осындай жағдайда көмек көрсетіп, жанымнан кетпей, аман-есен босануыма септігін тигізді. Бұл күн біздің отбасымыз үшін естен кетпес сәттердің біріне айналды. Енді қызым есейген кезде бұл ерекше оқиғаны айтатын боламыз, - деп бөлісті жас ана Айнагүл Тілеубергенова.

Ата-анасы дүние есігін ашқан нәрестенің есімін Малика деп қойған.

Айта кетейік, жолсеріктердің көмегімен соңғы 3 жылда «Жолаушылар тасымалы» АҚ пойыздарында 11-ге жуық сәби дүниеге келді.

Loading...