БАҚЫТТЫ АДАМ

09 Қыркүйек, 2020 84 0

Адам өміріндегі бақыт деген  – еңбек жолындағы һәм ғұмыр белесіндегі жетістіктермен өлшенсе керек. Ол үшін әрдайым өткен кезеңдегі өмір жолында кедергісі көп сүрлеулерден, кедір-бұдырлы соқпақтардан сүрінбей өтіп, табысты қадамдарға жету шарт екен. Одан соң ойға алған мақсаттар мен мүдделерді іске асырып, арман-асулардың биігіне шыққан толайым жетістіктерге жету керек екен тағы. Міне, сол кезде ғана адам өзін бақытты сезініп, өткен өміріне тоқ көңілмен қарай алады екен. Расымен, ондай адам өзін бақытты санайтын болса, онда бұл тұрғыда бүгінде алпыстың төрінен өтіп, жетпіс деген үлкен жотаның етегіне тырмысқан, сонымен бірге қариялық ғұмырдың қадірлі босағасын аттап тұрған менің ағам – Әбдіманап Әбдіхалықұлын осы айтылған талаптарға лайықты жан деп есептеуге боларлықтай. Өйткені ол өз өмірін мәнді де сәнді және бөгде жан қызығарлықтай етіп өткізген, ағайын-туыс пен жора-жолдас, қызметтес кісілер мен аралас-құралас болған азаматтардың қадірі артқан адам. Шынтуайтында, Әдбіманап ағам айналадағының бәріне жаққан жан. Ал айналадағы адамдардың бәріне түгел жағу – кез келгеннің қолынан келмейді. Бұл үшін адам табиғатына екі аяқты пенделердің бәріне біте бермейтін сирек бітімді асыл қасиет қонуы қажет. 

     Адамдар арасында  «Бақ пен тақ – Құдайдан»  деген қағида бар. Яғни, әр пендеге бақ пен дәулетті, абырой мен мансапты Құдай береді екен. Бірақ Құдай да бақытын әрекеттенген мен іскерге, ақылды мен пысыққа береді емес пе. Осыған сайсақ, Әбдіманап ағамның басындағы бақ пен дәулет бір ғана Құдайдың сыйы емес, өзінің де ақыл-парасаты арқылы оған қонған болып шығады.

    Әбдіманап Әбдіхалықұлы туылған Жетісай ауданындағы бұрынғы Абай атындағы колхоз. Қазақша айтсақ – ұжымдық шаруашылық. Тағы қазақылық жөнмен айтсақ, ол жер Әбдіхалықтың оның ата-бабасының мекені емес. Бір кездері совет үкіметі жүргізген саясат бойынша, әкелері Жетісай жеріндегі шаруашылықты гүлдендіру үшін көшіп барған. Бірақ қазақтың қай жері де қазақ баласы үшін жат емес екені хақ. Осы сөзімізге дәлел ретінде айтайын: Әбекең сондағы мектепте оқыды. Абай шаруашылғындағы ауыр жұмыстарға бала кезден-ақ араласты. Мақта шапты, қоза баптады, арық тартты, егіс алабын суғарды. Ауыр еңбекпен бірге мектептегі сабақты қатар оқып, үздік оқушы атанды.

     Ерте жастан еңбекке араласқан бала өмірге бейімді, білімге алғыр, тірлікке ұқыпты келетіні баршаға аян. Бойында сондай қасиеті бар Әбекең мектеп бітіре салысымен,  Шымкенттегі педагогика институтына түседі. Оны ойдағыдай бітірген соң еңбек жолын Қ. Әбдәлиев атындағы мектепте еңбекке баулу және физика пәнінің мұғалімі болып бастады. Бірақ пайым-парасаты мол, өресі кең Әбекең мектептегі мұғалімдік мамандықпен ғана шектеліп қалуды жөн көрмеді. Ары қарай қызмет жалғастыруды көздеді. Мұның осы ойын сезгендей һәм оның бойындағы қабілетті байқаған сол кездегі колхоз басшылары оған шаруашылықтағы комсомол комитетін басқаруды ұсынды. Сы қызсметті бір жыл атқарғаннан кейін ол Жетісай аудандық комсомол комитетінің хатшысы болып  ауысады.  

1983-2007  жылдар аралығында Жетісай аупарткомы үгіт-насихат бөлімінің нұсқаушысы, Қ. Әбдәлиев атындағы орта мектептің директоры, аудан әкімі аппаратының ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, саясат бөлімінің бас маманы, Абай, Достық  ауылдық округтерінің әкімі, аудан әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды.  

    2002 жылы «Нұр Отан» партиясына мүше болып өткен ол, оның ІҮ-ХҮІІІ сьездеріне делегат болды. Қазіргі күндері сол партияның Мақтарал аудандық филиалы басшылысының бірінші орынбасары болып қызмет етеді.

     Әрине, Әбдіманап ағамның атқарған осынау жұмыстары аса бір биік дәрежедегі қызметтер де емес. Бірақ пенденің адамдық қасиеті  кез келген жерде қызметпен бағаланбайтыны бар. Үлкен қызмет істесе де, жұрт арасында абыройға жете алмағандар да көп. Биік таққа жетсе де, көпшіліктің көңілінен шықпаған адамдар да жетерлік. Ал Әбекең жаңағы ауылдан, ауыл көлеміндегі қызметтерімен-ақ көп жұртқа жағымды жан болды. Әсіресе, ағайын-туыс арасында зор беделге жетті. Осы жерде Ғ. Мүсіреповтың «Тамаша ісің мен талантты қасиетіңмен сырттағы жұрттың бәрін мойындатуыңа болады. Бірақ өз ауылыңдағы адамдарды мойындату – өте қиын» деген сөзі еске оралады. Сол айтпақшы, сыртқы жұртқа қадірі артқан көп жақсының өз ағайындары арасындағы кейбірінің беделі онша бола бермейді. Ал бұл тұрғыда біздің Әбекеңнің жұлдызы жанған. Себебі ол өз туысқандарын да өзінің мәнді ісімен, өнегелі тірлігімен, бәрінен бұрын бойға біткен асыл қасиетімен мойындатқан адам.

     Қалай десек те кісі бойындағы текті қасиет ана сүтімен берілетіні даусыз. Одан соң пешенеге өлшеніп берілген амал тағы бар. Біреулер биік-биік тақ пен жоғары лауазымды, біреулер өлшеусіз байлық пен кенеусіз дәулетті – басқа біткен бақ деп білсе, енді біреулер ғұмыр жолындағы өзіне берілген шамалы нәсіп пен кәсіпті қанағат тұтып, соны жетістік санайды. Негізінде, өзіне берілген кәсіптің табысына қанағат еткен адам ғана өзгеге сыйлы болмақ. Біздің Әбекең сондай жан. Аудан, ауыл көлмінде қызмет етсе де, облыс, тіпті одан тысқары жерлердегі көпшілікке абыройы бар, қадір-қасиеті артқан, беделді тұлға. Иә, адам,а егде тартқан шағында жұрт арасында қадірлі болудан артық қандай бақыт керек. Қайталап айтсақ, Әбекеңнің осы жетістігінің бәрі өзіне біткен көркем мінезі мен дара ақылдылығының арқасы.     

     «Алпыс – асқар тау, жетпіс – жоталы жон» деп қазақ данышпандары айтпақшы, бүгінде алпыс деген асқар таудың басына шығып, жетпістің жонына қарай беттеген, бір руға би, әулетке аға, бір отбасыға асқар тауға айналған Әбдіманап ағам өз балаларының келешегіне де мықты тұғыр жасап берген абзал әке. Тағы бір мақалдатсақ, қазақта «Әке – асқар тау» деген де сөз бар. Мұның мәнісі кез келгенге түсінікті. Алайда зерделей қарасақ, кез келген бала үшін әке рухы, әке бейнесі мен тұлғасы асқар таудан да биік. Десек те, қазақ атам қай теңеуді де орнымен айтқан ғой. Адамзат тіршілік ететін жер бетінде таудан биік ештеңе жоқ. Одан биік Алла мен көк аспан ғана. Ата-бабалар ұстанған және біз де ұстанатын исламдық қағидада адамзаттың қайсыбір ұлы тұлғасы болмасын, Алламен тең емес. Сондықтан да, қандайда бір дара адамға қатысты теңеуді қазақ атам «таудан да биік тұлға» деп айтқан емес. Сондықтан да, ата-бабаларымыз әкені асқар тауға балап, одан ары көтермеген. Міне, осы әкелерге арналған «Асқар тау» теңеуі – ұл-қыздарын бақытты еткен Әбдіманап ағама да дөп келеді.

     Әдетті біз бір адамның жақсы жақтарын әңгіме ете бастасақ, алдымен оынң жарқын істері мен жұртқа тигізген пайдасын ауызға аламыз. Қазіргі уақыт пен болмыстың өлшемі бойынша, бір адамды көкке көтеру үшін – оның төрт-бес үлгілі істерін айтсақ та жеткілікті. Қазақта «Ер азамат текке тартады, туған жері киелі болса, сол киелі түпке тартады» деген тағы тәмсіл бар. Сол айтпақшы, Әбекеңнің тегі текті. Атақты Тұрымбет батырдың  ұрпағы, Қайшылы анамыздың жұрағаты, бергі аталары да осал емес, шетінен ел таныған ерендер. Түп-тірек мекені – қасиетті Қаратау, әулиелі Шаян аймағы. Осындай тек пен түптен тараған Әбекең, әлбетте, барлық жағынан мықты болмақ.  

    Мен көп жылдан бері Әбекеңді сыйлас аға, қадірлі бауыр тұтам. Ол отырған жерде сөз бастамаймын, табаққа бірінші қол салмаймын. Ол өзінің көрегенділігімен маған үлгі болған, басқаға да сондай өнеге танытқан. Қазір ел-жұрт болып, оны сыйлаймыз, дара қасиетін бағалаймыз, ағалық ізеттігін құрметтейміз. Өйткен ол осындай құрметке лайықты адам. Мен өзімнің жақсы көретін ағама деген пікір-сөзімді мына бір қарапайым ғана өлеңіммен аяқтасам ба деймін:

Көп еңбек сіңірдіңіз еліңізге,

Халқыңыз ұмытпайды оны мүлде.

Атқарған еңбектерің бағаланып,

Отырсыз қадірлі боп төріңізде.

Адамдар жақсылықты кеш көреді,

Өкінеді, одан соң ес кіреді.

Мейірімнің сіздегі түрі бөлек,

Қарсы келсе дұшпан да сескенеді.

Ақылдың көзісіз ғой, таусылмайтын,

Бұлақтай таудан аққан сарқылмайтын.

Тер төгіп күндіз-түні еңбек етіп,

Көп еңбек сіңірдіңіз ұмытылмайтын.

Әбеке, ақыл асқан данасыз ғой,

Әлі де жел өткізбес панасыз ғой.

Аз ғана мақтау сөзбен пікір айттым,

Осыны қанағат қып қанасыз ғой...

   

 Болашақ өмірде сізге тек

жақсылықтар тілейтін бауыр ініңіз – Жұмағали Білісбеков.  

Пікір қалдыру