АРМАН ҚЫРЫҚБАЕВ: «БЕЛСЕНДІ, ІСКЕР АЗАМАТТАРДЫ ҚОЛДАУ – МІНДЕТІМІЗ»

10 Қыркүйек, 2020 19 0

Бүгін «Nur Otan» партиясының хатшысы Арман Қырықбаев Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді. Мақсат – праймеризге дайындықты тексеру және өңірдегі партия белсенділерімен кездесу. Партия хатшысы  Отырар аудандық Мәдениет сарайында праймеризге қатысушылармен, одан кейін Арыс ауылында «Отырар» бастауыш партия ұйымының мүшелерімен жүздесіп, саяси науқанның маңызы туралы ой қозғады. 
«Лауазымды тұлғалар тарапынан «анаған дауыс бер, мынаған дауыс бер» дейтіндей жағдайларға жол берілмейді.  Бұл – праймериз тұтас қоғам үшін, біз үшін үлкен сынақ.  Еліміздегі әділеттіліктің салтанат құруы, барлық мәселенің дұрыс шешілуі айналып келгенде өзімізге байланысты. Сондықтан партияішілік праймериз ережеге сай әділ әрі ашық өтуі тиіс. Партия басшылығы баршаңыздан осыны талап етіп отыр. Жұртшылықтың да ойы осы деп ойлаймын. Белсенді, іскер азаматтарды қатарға қосып, елдік мәселелерге араласуына жағдай жасау – міндетіміз», – деген Арман Оразбайұлы отырарлық партияластардың сұрақтарына жауап берді. 
Бүгінде «Nur Otan» партиясының праймеризі қоғам назарында тұр десек қателеспейміз. Іріктеудің таза әрі әділ өтуін қадағалау үшін партияның «Жақтастар лигасы» құрылды. Осы лига жетекшілерінің бірі, саясаттанушы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ерлан Саиров еліміз үлкен өзгеріс қарсаңында тұрғанын айтты. 
«Саяси өзгерістер ауылдан, ауданнан, облыстан басталады. Аудандық мәслихаттарға өзіндік ұстанымы бар, жергілікті басшылықтың заңсыз әрекеттеріне жол бермейтін қоғам белсенділері келуі керек. Бүгінгі таңда Қазақстанда 210 мәслихат құрамында 3335 депутат бар екен. Соның тек 2 пайызы ғана – жастар. Сондықтан әділеттілікті алдымен жергілікті елді мекендерде орнатуымыз керек. Сіздер, яғни, праймеризге қатысушылар үлкен өзгерістердің бастауында тұрсыздар», – деді Е.Саиров. 
«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев партия мүшелері праймеризге арналған бағдарламаға арнайы тіркеліп, олардың дауыс беруіне жағдай жасалып жатқанын баяндады. Праймеризге қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. 

«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

Пікір қалдыру