АРЫСТЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙІНДЕ ОРАМАЛ ТІГІП, АЙЫНА 300 МЫҢ ТЕҢГЕ ТАЗА ТАБЫС ТАБАДЫ

14 Қыркүйек, 2020 83 0

Арыс қаласының тұрғыны Балнұр Төрехан Арыс қаласындағы №17 колледжінде қысқа мерзімді кәсіптік оқу оқып, тігінші мамандығын игеріп шыққан. Кейін қайтарымсыз 505 мың теңге мемлекеттік грант жеңіп алып, үй ішінен кішігірім тігін цехын ашты. Арнайы тігін машинасын сатып алған ол сұранысқа орай, күніне 10 дана орамал тігіп, оларды кемінде 2500 теңгеден саудалайды. Өзінің айтуынша, шығынын есептегенде айына 300 мың теңге таза табыс табады. Оның кәсібін жүргізгеніне 1 жылға жуықтаған. Қазіргі таңда үйде отырып ғаламтор арқылы өз бұйымдарын саудаға шығаруда. 
Сондай-ақ, мемлекеттік қайтарымсыз грант игілігін көрген Арыс қаласының тұрғыны Алым Оспанхан 2019 жылы жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша 505 000 теңге қаржылай көмек алған. Ол өзінің фаст-фуд өнімдері туралы бизнес жоспарын 1 айлық курста шыңдап, мемлекеттік грантты жеңген. Қазіргі таңда жұмысы алға басып, келушілер қатары көбейген. Інісі екеуі ғана кәсіпті дөңгелетіп отыр. Иесінің айтуынша, қазір күніне шығынынан бөлек 20 мың теңге табыс табады. Алдағы уақытта Арыс қаласында фаст-фуд өнімдерінің желісін ашпақ. 
Арыс қаласында аталған бағдарламаны тиімді пайдаланып, өз кәсіптерін дамытып жатқан азаматтар қатары артуда. Биылғы жылға бөлінген 139 гранттың 80-ні игеріліп, қазіргі таңда өз жұмыстарын жүргізіп келеді. Қайтарымсыз қаражат алып кәсіп ашқысы келетін әрбір азамат жұмыспен қамту орталығына барып толық ақпарат алуына болады. Бір ай бойы білім алып, бизнес жоспары мақұлданса, мемлекеттен бөлінген көмекке ие болады.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Пікір қалдыру