Ұлағатты елге ұйытқы болған ұстазым!

04 Қазан, 2020 19 0

Қазан айының бірінші жексенбісі ұстаздар күні. Ұстаз деген сөздің ұғымы кең, ауқымы терең. Осы мерейлі мерекенің қарсаңында еліміздегі барлық ұстаздар қауымын төл мерекесімен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер.

Ұстаздың өзі үшке бөлінеді мектептегі ұстазың, жоғарғы оқу орнындағы ұстазың және өмір жолындағы ұстазың болып. Әр қайсысының өз орны бар.

Мен бүгін тілге тиек еткім келіп отырғаны өмір жолындағы ұстазым Амангелді Смағұлұлы Шабдарбаев жайында.

Аман ағаның әкесі Смағұл атамыз өмірден ерте озсада артында өшпес із қалдырған асыл азамат екен. Сол кездегі Алматының маңындағы қос колхозға су, жол, электр жарығын тартып, халқының алғысына бөленген білікті колхоз басшысы болыпты.

Тағдырының жазуымен өмірден ерте өтіп бара жатып адал жары Ажарға: “Жаратқанның маңдайға жазуы осы болды. Балаларым саған аманат. Қош бол. Мойыма Ажар!”-деп мәңгілік сапарына кете барды дейді.

Шеттей бала-шағамен жесір қалған Ажар анамыз таңмен таласып тұрып еңбеке араласады кәрі енеге қарап, жетім балаларды аяққа тұрғызу да оңай болмаған секілді.

Бірде шаруадан шаршап, әбден қажып отырған тұста Смағұл атамыздың бір досы келіп: “ Әй Ажар сен жасыма. Саған шаршауға болмайды. Күбідегі айран төгілгенімен, түбінде ұйтқысы қалды ғой. Асыл сынғанымен, сынығы қалды, мөлдір бұлақ ағып кеткенімен тұнығы қалды. Түбі біреуі жарып шығар. Шыда!”- деген екен жарықтық.

Кеше тоқсанға қараған шағында Ажар анамызды да көзіміз көрді. Сексеннің сеңгіріне шығып, тоқсанға қарасада ақылынан алжаспаған, көзі нұрлы, көкірегі көмбе асыл анамыз тамның шуағында отырып баласының тілеуін тілеп отыратын. Алып анадан деген осы.

Бірде Алматы сапарында Елбасымыз “Абай ауылына” бас сұғады. Ажар анамызбен амандасып тұрып: “ Балаңды бастық қылдым, генерал қылдым енді қандай тілегің бар апау?”-дегенде. 

Ажар апамыз ойланбастан:” Енем тоқсаннан асып дүние салып еді айналайын. Кел батамды берейін Сізге. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Амангелді ұлым саған аманат”-деп батасын қайырып, баласын патшаға аманат қылыпты.

Қос патшаға адал қызмет еткен Аман аға қай кезде де өзінің қарапайымдылығынан танған емес. Қызметтегі талай шәкірттерін дәннен отырғызған алма ағашындай аялап баптап өсірді. Асыл ағамызға шәкірт болу бағы меніңде маңдайыма жазылыпты. 

Бүгінде көптеген шәкірттері егеменді еліміздің ертеңі үшін түрлі басшы қызметтерде аянбай еңбек етіп келе жатыр.

Екі мыңыншы жылдардың басы, СОП-та істейтін бірнеше жас жігіттер мейрамханада бір қызға жақтасам деп группавой төбелессе  керек. Іс милицияға тіркеледі, заңның қатал талаптарына сәйкес кадр басшысы он шақты жас қызметкердің үстінен жұмыстан шығару рапортын дайындап басшыға кіреді.

Сонда Аман Смағұлұлы жалындаған жас жігіттерге қарап: “ Көпшілік орында төбелескендерің дұрыс емес әрине. Бірақ қыздың арын қорғап төбелесіп, таяқ жемегендерің дұрыс болған. “Болам деген баланың, бетінен қақпа, белін бу”-деген. Жігіт шағында адамның басынан не өтпейді. Осы үшін жұмыстан шығару ағаттық қой-деп кадр басшысына қарады-дейді.

Кейде сол жігіттерді көшеде көріп қалсам, әлі күнге дейін Аман ағамызға алғысын айтады. Ағамыз СОП-та болсын, Комитетте болсын басшылық қызмет атқарғанда талай қызметкерлер, жас жанұялар баспаналы болып қалды.

Аман ағамыздың бір қасиеті: “Аттың жұмысын істегенге, тайдың тамағын бермейтін”. Адамның еңбегін адал бағалайтын осы күнге дейін жігіттің мәрті. Кей адамдардың өзіне жасаған жамандығын тез ұмытса да, жасаған жақсылығын еш уақытта ұмытпайды.

Жұрттың басына түскен қайғысымен қуанышын қатар бөлісетін. Қай уақытта болсын жанашырының жанынан табылатын қасиет Аман ағамыздың мінезі. Жақсыдан шарапат демекші жан-жағына шапағатын шашып жүретін қасиет, ағамызға әкесінің қанымен, анасының сүтімен дарыса керек.

Ағамыз спорт десе, оның ішінде волейбол десе ішкен асын жерге қояды. Кеңес заманының тұсындағы екі дүркін европа чемпионы болған атақты “Буревестник” командасының құрамында ойнаған. 

Бүгінгі “Буревестник” командасының қожайыны болған ағамыз ертең әлемнің шаршы алаңында волейболдан еліміздің көкбайрағын желбірететін жалынды жастарды дайындап жатыр.

Академик Гүлнәр Сабырқызымен қырық жылдан аса тату-тәтті өмір сүрді. Асыл жарына деген ағамыздың ілтипатын, көлікке мінгізгенде өзінің орнына отырғызатын құрметінен байқайтынмын. Ұл-қыздарына деген шексіз махаббатын тілмен айтқызып жеткізу қиын.

Аман ағамыз арғымаққа мінсе де артқы топтан адаспады. Балаларын да солай тәрбиеледі. Ағайынның ауызбіршілігін, әулетінің татулығын ұстап тұру үшін де азаматқа үлкен мейірім керек. Ол мейірім махаббат Аман ағамыздың бойынан жетіп артылады.

Биографиямызбен географиямыз келмесе де, қаймана қазақтың баласы ғой-деп көкірегімізден итермеді. Талағында биті бар баланың  барлығын, халқыма пайдасы тиер-деп қатарға қосты. Соның қатарында мен де бармын.

“Аш кезде жеген дәннің дәмін, тоқ кезіңде ұмытпа”-деген атамыз қазақ. Ұлағатты ұстаздың жақсылығын қалай ұмытуға болады.

Жақында ағамыз Алматының маңынан он мыңдаған алма ағашын егіп марқұм асыл жарының құрметіне “ ГҮЛНӘР БАҚ”-деген үлкен бақ ашты. Қазақтың игі жақсылары жиналған жиында Секен Тұрысбеков ағамыз керемет концерт берді.

Аман аға ватцаппен видеосын жіберген екен Гүлнәр Сабырқызы есіме түсіп біраз көзіме жас келді. Сол көріністен ағамыздың асыл жарына деген сағынышын сезіндім.

Жүрегі мейірімге толы ұлағатты ұстазымның қазақы мінезі, азаматтығы, мәрттігі, батырлығы бір төбе. Қайырымдылығы бір төбе. Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған елдің баласы емес пе? 

Аман ағамыз бізге әлсізге пана, жетімге қамқор, жесірге қорған болуды үйретті. Үлкенге құрметпен, кішіге ізетпен қарауды бойымызға қасиет қылып сіңірді. Ұлағатты ұстазыма алғыстан басқа айтарым жоқ. Ұрпағыңызбен бірге мың жасаңыз  асыл ағам. Ұлағатты елге ұйтқы болған ұстазым.

                                                        МАҚСАТ СҚАҚОВ.

Тегтер: новости

Пікір қалдыру