Туристік астана атанған Түркістанды танытуға туроператорлар да атсалысады

Түркістан – Түркі Мемлекеттерінің 2024 жылғы туристік астанасы мәртебесіне ие болды.

Осыған орай түрлі бағыттағы ауқымды әрі халықаралық іс-шаралар ұйымдастыру көзделуде. Жоспарларды талқылау, туризм саласында бизнес пен мемлекеттік органдар арасында көпір орнату, ұсыныстарды тыңдау мақсатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаевтың қатысуымен мәжіліс өтті. Жиынға облыстық мәдениет және туризм басқармасы, «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы, «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы РМҚК басшылары, Түркістан өңірі мен өзге аймақтардың туристік операторлары қатысты, деп хабарлайды Turkistanmedia.kz.


– Әлемде туризмнің даму тенденциясы жылдан жылға оң бағыттарға өзгеріп келеді. Биыл Түркістан жұртшылығына, оның ішінде туризм саласының өкілдеріне үлкен жауапкершілік артылып отыр. Сіздерге жылдық жоспарымызды таныстырып, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар мен бағдарламаларға қол жеткізудің, субсидиялар алудың тәртібі туралы құлағдандыруды және түсіндіруді жөн көрдік. Ортақ мақсат пен нақты қадамдар – нәтиже берері анық. Түркістан облысында өтетін ерекше іс-шаралар жайлы туристерді ақпараттандыруға атсалысыздар деген ойдамыз. Облыстық іс-шараларды туристік өнімдерге енгізуге әбден мүмкіндік бар. Осы жылы Халықаралық туризм және меймандостық университетінің алғашқы түлектері қанат қағады. Оларды жұмысқа қабылдауға жол ашылады. Қазіргі таңда «Жастар практикасы» немесе «Алғашқы жұмыс орны» секілді мемлекеттік бағдарламалар арқылы кеңселеріңізді кеңейте аласыздар. Ұсыныс-пікірлеріңізді хаттамаға енгізіп, жауапты министрліктер, аудан және қалалық әкімдіктерге жеткіземіз. Сіздерді бірлесіп, белсене жұмыс жүргізуге және Түркістанның брендін танытуға шақырамыз, – деді Бейсен Дәулетұлы.  


Облыстық мәдениет және туризм басқарма басшысының орынбасары Нұрдәулет Медеуов өңірдің іскерлік және оқиғалық туризм нарығын ілгерілету, мамандардың біліктілігін арттыру, консалтингтік қызметтер мен лицензия алу жолдары, транспорттық қызмет сапасын арттыру, гид-экскурсоводтарға ортақ әдіснамалық ақпарат дайындауды ұсынды. Сонымен қатар өңірдің гид-экскурсоводтарын бірыңғай реестрге тіркелу қажеттігін атап өтті. «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы ЖШС Бас директоры Серік Сандыбаев баяндамасында Түркістанның «туристік астана» атануына орай жоспарланған жобаларға тоқталды. Іс-шаралар наурыз айынан, яғни Туристік маусымның ашылуынан басталады. 


Атап айтқанда, «Көне түркі дәстүрі» этнофестивалі, «Әуе шарлары» фестивалі, «Түркі Әлемінің тағамдары – ТӘТТІ» гастрофестивалі, «Туристік астана келбеті» Түркі елдері өкілдеріне арналған ақпараттық тур, «Түркі қырандары» страйкболдан халықаралық чемпионат (Airsoft), «Қымыз» фестивалі, «Tourist Time» телевизиялық жобасы өткізіледі. Халықаралық көрмелерге қатысу мен жарнама жасау істері жалғасады. «Voice of Turan» халықаралық қазақ әндері фестивалі бұл жолы таулы аймақта, ашық аспан астында ұйымдастырылады. Үш күндік ауқымды шарада 20-ға жуық мемлекеттен өнерпаздар арнайы келіп, қазақ әндерін шырқайды. Айта кетейік, Түркістан өңірінде 1770 тарихи-мәдени ескерткіш орналасқан. Солардың бірегейі, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұра объектісіне енген және тарихтың символы – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі.


Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Loading...