Астанада құрбысының пәтерінен зергерлік бұйымдар ұрлаған тұрғын ұсталды, деп Turkistanmedia.kz хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Полицияға қала тұрғыны хабарласып, бағалы заттарының жоғалғанын айтты. Жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында Нұра ауданының криминалдық полиция қызметкерлері жәбірленушінің 27 жастағы танысын анықтады.
Күдікті досына қонаққа келген кезде пәтер иесінің үй шаруасына айналғанын пайдаланып, оның алтын әшекейлерін қалтасына сүңгітіп үлгерген. Үйден шыққан бойда әшекейлерді ломбардқа тапсырған. Осы факт бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.