Тоқаев жаңа жасақталған Үкіметке не деді?

Мемлекет басшысы тың тапсырмалар берді

Фото: gov.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжілістің жалпы отырысында жаңадан жасақталатын Үкіметке жаңа қарқынмен жұмыс істеу қажет екенін айтты, деп хабарлайды turkistanmedia.kz.

"Алдымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық саясатына жаңа серпін беру керек. Яғни, экономиканың барлық саласын дамыту, ынталандыру жолдары мен алдын ала міндеттерді қайта қарау қажет. Түптеп келгенде, мемлекет енді үздіксіз қолдау шараларынан нағыз сапалы дамуға қолғабыс ету ісіне түбегейлі көшу керек. Бұл жұмысты сөз жүзінде емес, іс жүзінде орындайтын уақыт жетті. Осылайша біз озық даму жолына түсіп, ұлттық экономиканы шын мәнінде жаңа деңгейге шығарамыз. Қазір еліміздің салық және бюджет кодекстері мемлекеттік сатып алу және мемлекет пен жеке меншік әріптестігі туралы заңнамалар мүлде жаңаша сипатқа ие болды. Соның бәрі мен жариялаған жаңа экономикалық саясатты жүзеге асырудың мықты тірегі болуға тиіс", — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент жаңа Үкімет шұғыл шешуге тиіс негізгі шаруалардың бірқатарына тоқталды.

"Сонымен қатар, алдымызда тариф саясатындағы кедергілерді жою, агросекторды қайта жандандыру әлеуметтік саланы басқару мен қаржыландырудың тиімді тәсілдерін әзірлеу міндеті тұр. Бұл жерде, әрине, ең алдымен Үкімет маңызды рөл атқаруға тиіс. Жаңа қарқынмен жұмыс істеу қажет. Маңызды шешімдерді шұғыл қабылдап, көп созбай шешуші қадамдарды жасау керек", — деді Мемлекет басшысы.

Loading...