Білім беру нысандары кұрделі жөндеуден өтеді

05 Қаңтар, 2021 8 0

   «Nur Otan» партиясынан Кентау қалалық мәслихатына ұсынылған үміткерлер Гүлдариха Жұмагелдиева мен Дархан Серікбаев «Хантағы» бастауыш партия ұйымының мүшелерімен кездесті.
   Ауылдық клубта өткен жиында сайлауалды бағдарламаны түсіндіріп, сайлаушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
   «Азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты – өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрақты дамуының көрсеткіші» - деген Гүлдариха Жұмагелдиева денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік салада сапалы қызметтерге қол жеткізе отырып, қала тұрғындарының өмір сүру жағдайын арттыруға күш салынатындығын айтып өтті. 
  Газдандыру жобасына байланысты Кентау қаласына қарасты Хантағы және Үшқайық ауылдарында құрылыс жұмыстары аяқталған. 2025 жылға дейін Хантағы, Үшқайық, Қарнақ, Байылдыр, Жүйнек, Шаға, Оранғай, Қарашық, Ибата, Ойық, Шоқтас елді мекендері табиғи газбен қамтылады. «Nur Otan» партиясы осы мақсатта жобалау-сметалық құжаттамаларды әзірлеп, мемлекеттік сараптамадан қорытынды алуға, құрылыс жұмыстарын жүргізуді қаржыландыруға ықпал етеді. Нәтижесінде 2025 жылға дейін газбен қамтамасыз етілген елді мекендер үлесі 65,9%-ға, ал қала бойынша 100,0%-ға жетеді – деді Гүлдариха Жұмагелдиева.
   «Ауыл – ел бесігі» және «Құтты мекен» партиялық жобаларын іске асыру жалғастырылады. Нәтижесінде 2025 жылы қала тұрғындары таза ауыз суға, сапалы жолдарға, әлеметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандарына қол жеткізеді.
   Ал, Дархан Серікбаев «Nur Otan» партиясы аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын жан-жақты арттыруды қолдайтындығын жеткізді. 
   «Nur Otan» партиясы қазақстандық медицинаның жоғары стандарттарға сай болуын және әрбір азаматқа денсаулық сақтау саласындағы үздік тәжірибелерге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуді қолдайды. Қалада адамдарға алғашқы медициналық көмекті барынша жақындату: ауылдық медицинаны материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету, шалғай ауылдарда тұратын ауыл тұрғындары үшін дәрі-дәрмекке қол жеткізу мәселелерін шешу, сырқаттанушылық пен өлім-жітімді азайту жұмыстарына ықпал етеді – деді ол.
Сондай-ақ, Дархан Серікбаев білім саласына бағытталған басымдықтарды да кең көлемді түсіндірді. 
   Бүгінде қалада үш жасқа дейінгі балалар тәрбиеленетін балабақшалар мен апатты мектептер жоқ. Кәсіпорындармен бірлесіп дуальды оқыту ұйымдастырылған. Сондықтан білім беруде білім беру сапасын арттыруға, білім беру объектілерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға баса назар аударылады.
   Бұл үшін «Nur Otan» партиясы 12 нысанды күрделі жөндеуден өткізуге, 15 мектепке дейінгі жеке балабақша ашуға, білім саласы бойынша ауылдық жерлерде халық санының өсуіне байланысты жаңа мектептер салуға, білім беру объектілерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, 2025 жылға дейін барлық кәсіптік оқыту мекемелерін дуалды оқытумен қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Пікір қалдыру