Түркістан: Төлебилік тұрғын сабын қайнатуды кәсіпке айналдырған

22 Шілде, 2021 33 0

Өнімді дайындау үшін глицерин, эфир майы, шөптер қолданады.

Төлеби ауданы Ленгір қаласының тұрғыны Мелдехан Мөлдір қолдан сабын жасау кәсібін қолға алған, деп хабарлайды Turkistanmedia.kz. 

Төлебилік кәсіпкер экологиялық тұрғыдан таза өнімді дайындау үшін глицерин, эфир майы, шөптер қолданады. Сабынды түрлі-түсті формаларға салып, иіссу қолданып, оны кез-келген өзіңізге жағымды түске бояп береді. Тапсырыс берушілер көбіне cыйлық жасауға сабынның гүл формасын таңдап жатады. Сондай-ақ, той, құдалық, бесік той, ұзату, сүндет той жасауды жоспарлағандар қолдан жасалған сабындарды тапсырыспен алады. 

Қолдан сабын дайындау кәсібі өте қарапайым және де бастаушы кәсіпкерге ыңғайлы. Мөлдір өз кәсібі арқылы айына 100-150 мың теңге табыс тауып отыр. Ол қолдан дайындалған сабындарын ғаламтор желісі арқылы сатылымға қойып отыр. 

Аю, мысық, қонжық бейнесіндегі сабындар балалардың судан қорықпай шомылуына септігін тигізеді. Сабындар тазартудан бөлек косметикалық тұрғыдан да әсер етеді. Қолдан жасалған сабынның сыртқы пішіні де тартымды.

 «Үй жағдайында сабын қайнату – өте жағымды және шығармашылық процесс. Себебі, сіз оған өзіңіз қалаған қоспаларды қосып, кез келген рецепт бойынша дайындай аласыз. Сізге тіпті өзіңіздің жеке рецептіңізді ойлап тауып, дайын өнімге кез келген түс пен түрлі пішін жасауыңызға болады. Қысқасы, өз қиялыңыз жеткенше жасай бересіз. Ал сабын қайнату процесі әркімге де ләззат сыйлайтыны сөзсіз», - дейді жас кәсіпкер.



Пікір қалдыру