Түркістан:"Жетісай" командасы турнир кестесінде көш бастады

Бірінші тайм 1:0 есебімен өзгеріссіз аяқталды

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Жетісай қаласындағы «Қажымұқан» орталық стадионында І лига командалары арасындағы Қазақстан Республикасы чемпионатындағы кезекті кездесуін «Түркістан» командасымен өткізген «Жетісай» футбол клубының ойыншылары қатарынан төртінші жеңісіне қол жеткізді, деп хабарлайды turkistanmedia.kzТүркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ә дегеннен қарсыластың қақпасына қауіпті шабуылдарды арты-артынан ұйымдастырған алаң иелері 21-минутта Елжас Сарыбайдың соққан тамаша голымен есеп ашты.

Алғашқы голдан соң қонақтарға таразы басын теңестіруге мүмкіндік берген Жетісайдың жігіттері шабуылды бәсеңдетіп, қорғаныста ойнады. Әйтсе де, бірінші тайм 1:0 есебімен өзгеріссіз аяқталды.

Ал екінші тайм басталысымен ойынның 54- минутында «Жетісай» командасының капитаны, 70 номерлі ойыншы Бекнұр Рысқұлдың 11 метрлік айып алаңынан жолдаған добы түркістандықтардың қақпасына дәл кірсе, 62-минутта 23 номерлі Қазыбек Мұхитұлының соққан тамаша голы есепті 3:0 жеткізді. 64-минутта Бекнұр Рысқұл қарсыластың қақпасына кезекті голын соққанымен «Түркістан» командасының 10 номерлі ойыншысы Дилмурод Паччахановтың 78-минутта соққан голы есепті 4:1-ге өзертті. Кездесудің 82-минутында алаңға шыққан 10 номердегі Жетісайдың сұрмергені Димаш Құдайберген бесінші голдың авторы атанса, қосымша уақытта түркістандық ойыншы Хасан Сабирхан есепті қысқартты.

Тартысты өткен кездесудің қорытындысы бойынша есеп 5:2 болып аяқталып, 5 кездесуде 12 ұпай жинаған Жетісайдың жігіттері турнир кестесінде І орынға шықты. ІІ орынға 10 ұпаймен «Екібастұз» командасы жайғасса, 9 ұпаймен «Каспий» командасы алғашқы үштікті қорытындылап отыр.

Айта кетейік, «Жетісай» футбол клубы 10-мамыр күні өз алаңында «Каспий» командасын қабылдайтын болады.

Loading...