«Jastar-Otanga!» халықаралық жастар-саяси форумының ашылуы өтті

08 Қазан, 2021 94 0

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «Jastar-Otanga!» форумының қатысушылары TEDx Talks форматындағы семинарларға, тұлғалық және кәсіби құзіреттілікті дамыту бойынша шеберлік сыныптарына, сондай-ақ қоғам және саясат қайраткерлерінің дәрістеріне қатыса алады. Аталған іс-шара 5-9 қазан аралығында өтеді.

Бұл форум – ең алдымен жастар партиялық кадрлық резервін қалыптастыру, сонымен қатар, жастарды мемлекеттік құндылықтарды дәріптеуге жұмылдыру үшін білімді, дарынды және болашағынан зор үміт күттіретін жастар пулын құрудың құралы.

Сондай-ақ, халықаралық ынтымақтастық орнату үшін форумға Ресей, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғыз Республикасы жастар ұйымының өкілдері қатысады, ал Қытай, Германия, Пәкістан, Татарстан және өзге елдердегі ұйымдар өкілі онлайн форматта қатыспақ.

«Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев атап өткендей, аталған іс-шара Қазақстандағы жастар күшін біріктіруде маңызды қадам саналады.

 «Единая Россия» жастар қанаты орталық штабындағы ақпарат бөлімінің басшысы Виктория Федосова Қазақстан мен Ресей арасындағы белсенді партияаралық байланысты ерекше атап өтті.

Ал Әзербайжаннан келген әріптестер «Jas Otan» жастар қанатына форум өткізуде ұйымдастырушылық қолдау көрсетті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, форум қонақтары мен қатысушылары қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін Open Air концертін, DJ, «Jaidarman» және Көңілді тапқырлар клубы командаларының өнерін тамашалап, сондай-ақ спорттық жарыстарға қатыса алады.

Айта кетерлігі, бұл іс-шара санитарлық ережелерге сай өткізіледі, сондай-ақ, қатысушылар мен қонақтар вакцинациялау төлқұжатын көрсетуі тиіс.

«Jastar-Otanga!» форумының қатысушылары 5 күн бойы семинарларға, тренингтерге және арнайы ұйымдастырылған сессияларға қатысып, жастар саясатына қатысты өзекті мәселелер туралы идеялармен алмасып, өз ойларын ортаға сала алады. Сессияларға арнайы шақырылған спикерлер, соның ішінде елге белгілі қоғам қайраткерлері, спортшылар мен Мәжіліс депутаттары қатысады.

#JasOtan #JastarOtanga2021

Пікір қалдыру