Түркістандық «Томирис-Тұран» чемпиондар лигасында ойнайды

12 Қазан, 2021 37 0

Футболдан әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионатының қорытынды туры өтті, деп хабарлайды turkistanmedia.kz. тілшісі Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Түркістандағы «Түркістан-Арена» стадионында Түркістанның «Томирис-Тұран» командасы мен Шымкенттің «БИІК-Шымкент» клубы кездесті. Чемпионат аяқталмай тұрып ел чемпионы атанып үлгерген шымкенттік клубқа қарсы түркістандық арулар лайықты қарсылас бола білді.
Түркістандағы жаңа стадионда өткен бәсеке тартысты әрі қызықты өтті. Жасыл алаңда жасындай жарқыраған еліміздің қос командасының шеберлігі жанкүйерлердің оң бағасын алды. Алма-кезек шабуылмен өткен кездесу 2:3 есебімен аяқталды. Қонақтар жеңіске жетті. Дегенмен бұл нәтижеге қарамастан қос клуб та бірінші және екінші орындарды еншілеп қойған болатын. Биыл жаңадан құрылған Түркістан облысының «Томирис-Тұран» әйелдер командасы ел чемпионатына қатыса сала жоғары дәрежеде өнер көрсетіп, чемпионаттың күміс жүлдегері атанды. Ал Еуропада атой салып жүрген «БИІК-Шымкент» чемпиондық атағын қорғап қалды.
Тағы бір айта кетерлігі, Түркістанның футболшы қызы Әйгерім Айтымова осы футбол маусымындағы үздік голдың авторы атанды. Ел біріншілігінде қарсылас шыдатпай жүрген қос команда 2022 жылы футболдан әйелдер арасында УЕФА Чемпиондар лигасында Қазақстанның намысын қорғайды. «Томирис-Тұранның» бұл табысының өзі мақтауға тұрарлық. Қазақ футболында жаңа команда пайда болғаны, үздіктер қатарынан табылғаны ел спортына оң серпін береді.

Пікір қалдыру