Түркістан: Жетісай ауданында ауыз су құбырлары жаңартылуда

12 Қазан, 2021 41 0

Жетісай ауданына қарасты қала, кент, ауылдық округ елді мекендеріндегі ескі су жүйелері жаңартылып, тозығы жеткендері толығымен ауыстырылуда. Ауыз судың сапасын арттыру мақсатында «Абай топтасқан су жүйесі» іске қосылды.

Осы мақсатта жылына орта есеппен 3,5 млн. текше метр ауыз су тұтынатын Жетісай қаласы тұрғындары үшін 200 мыңға жуық шақырым ауыз су құбырлары жаңадан тартылуда. Бұл мақсатта биыл республикалық бюджеттен 690 млн теңге қаржы қарастырылған. Барлық жұмыстар Жетісай ауданының әкімі Мұрат Қадырбектің жіті бақылауында.
Құрылыс жұмыстарын «СтройЖолСервис» ЖШС 14 айда аяқтауды жоспарлап отыр. Мердігер компания өкілі Нұрлан Есқұловтың айтуынша, жоба аясында жетісайлық тұтынушылар үшін жаз мезгілінде кездесетін ауыз су тапшылығын түбегейлі шешу мақсатында сыйымдылығы 2600 текше метр болатын 2 резервуар салынып, сапаны арттыру мақсатында полиэтиленді құбырлардан су өткізгіштер жүргізілуде. Тұтынушылардың есептік қуаттылығы ескеріліп, қосалқы станса мен 2 су көтергіш стансасы да іске қосылмақ. Құрылысқа 6 жұмыс тобы жұмылдырылған. Басым бөлігі - жергілікті тұрғындар.
Жетісай қаласындағы 30 мыңға жуық тұрғынды «Жетісай су» мекемесі ауыз сумен қамтамасыз етіп отыр. Қаланың ауыз су жүйелеріндегі 9 ұңғыманың 7-і, сыйымдылығы 1000 текше метрлік 1 дана резервуары мен 3 дана су мұнарасы жұмыс істеп тұр. Ал, жалпы аудандағы 113 елді мекеннің бүгінде 103-і орталықтандырылған ауыз су құбырымен қамтылған. Санитарлық аймақтарында 80-нен астам ұңғыма істеп тұр.
Жетісай қаласында 200 шақырымға жуық ауыз су құбырлары жаңадан тартылып, 2023 жылы қала тұрғындары толықтай «Абай» топтасқан су жүйесімен қамтылады. Осылайша жетісайлықтар ауыз су тапшылығынан толық арылады. Сонымен қатар, биылғы жылы аудандағы елді мекендердің ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті қазынадан 109 млн 921 мың теңге, облыстық бюджеттен Мақталы ауылдық округінің Мақталы елді мекенінің ауыз су жүйелерінің құрылысына 312 млн 205 мың теңге, Жетісай топтасқан су өткізгішіне қосылған Жылы су ауылдық округінің Жылы су, Мырзашоқы, Байқоныс, Баққоныс және Әл-Фараби елді мекендері су жүйелерінің құрылысы нысандарына республикалық бюджеттен 156 млн теңге қаралып, тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Пікір қалдыру