Түркістан-ішкі туризмнің тамырына айналды

25 Қазан, 2021 40 0

Түркістан  облысы тарихи және мәдени мұраға бай және ашық аспан астындағы өзіндік мұражай саналады. Бүгінде облыс аумағында 1663 тарих және мәдениет ескерткіштер орналасқан. Оның ішінде  1 нысан  халықаралық маңызы бар  Қ.А.Ясауи кесенесі, 31-і  республикалық, 421-і  жергілікті маңызы бар, 1210-ы  алдын ала тізімдегі нысандар қатарына жатады.  

Қазіргі таңда өңірдің туризм саласы 3 бағытта қарқынды дамып келеді.  Соның бірі —  тарихи-танымдық туризмі. Яғни, бұл бағыттағы нысандар  Түркістан, Кентау қалалары мен Бәйдібек, Ордабасы,Отырар аудандарында орналасқан.  

Екінші бағыт —  емдік-сауықтыру туризмі. Бұл туризм түрі  Сарыағаш курорты аумағында қатты дамыған.  Үшінші бағыт —экологиялық туризм.  Бұл туризм түрі таулы аймақта орналасқан  Қазығұрт, Төлеби,Түлкібас аудандарына тән. 

Облыс аумағында орналастыру орындарының құрылысы бойынша жыл соңына дейін 38 туристік инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Егер жоба толық іске асса,  1050 жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. 

Түркістан қаласына келуші туристер саны да күн санап  артып келеді. Ресми мәліметтерге сүйенсек,  жыл басынан көне шаһарға 1,1 млн. адам келіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5,6 есе артқан. (2020 ж. 205,2 мың адам).

Туристердің жайлылығы үшін қаланың тарихи орталығында «Визит Орталығы» жұмыс істеуде. Бұл орталық облыстың туристік нысандары, оның ішінде тарихи-мәдени, емдік-сауықтыру, табиғи орындары бойынша «Бір терезе» қағидасымен ақпарат ұсынады.

Түркістан қаласындағы туристік нысандар бойынша ақпараттар әлемдегі ең ірі «Тripadviser.com» саяхатшылар порталына енгізілген.  

Соңғы екі жылда облыстың туристік нысандарымен танысудың кәсібилік сапасын арттыру және өңірге келетін қонақтар, туристермен жұмыс жүргізетін гид-экскурсоводтардың білікті кадрлар санын ұлғайту үшін 50 гид-экскурсовод мамандары даярланған.  

Облыс аумағында туристік әлеуетті арттыру мақсатында Түркі мемлекеттерінің (Түркия, Өзбекстан, Қырғыстан, Әзербайжан, Башқұртстан) бұқаралық-ақпарат құралдары өкілдеріне, ішкі және шетелдік 131 туроператорларға 4 ақпараттық тур ұйымдастырылған. 

Бұдан бөлек,биыл «Әзірет Сұлтан» мұражай-қорығының аумағы абаттандарылып, жаңа келбетке енді.  Слндай-ақ, "Керуен-Сарай"  кешені, "Бірінші Президент" саябағы қалаға келген туристердің сүйікті орындарының біріне айналды. 

2020 жылы туризм саласында кәсіби мамандарды даярлау, сервистік қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында Түркістан қаласында Халықаралық туризм және меймандостық университеті ашылған болатын. Ондағы мақсат — туризм саласын дамыту үшін кәсіби мамандарды өз өңірімізде дайындау.   2020 жыл алғашқы жаңа оқу жылына университетке 588, 2021 жылы 815 студент қабылданды. Университ студенттері халықаралық үлгідегі екі диплом алып шығады. Бұл оларға өз мамандығы бойынша әлемнің кез келген нүктесінде кедергісіз жұмыс істеуге мүмкіндік береді.  

Сонымен қатар, алдағы жылы Түркістан қаласының туристік әлеуетін арттыру бағытында «Түркістан-Шымкент-Ташкент» жоғары жылдамдықты теміржол магистралі салынатын болады.

Бұдан бөлек, Түркістан қаласы аумағында жағажай демалыс орындарын ұйымдастыру мақсатында жасанды көл, ескек есу каналы, туристік-рекреациялық аумақ құрылысы басталды. Аталған нысандарды келесі жылы аяқтау жоспарлануда.

Тау-шаңғы туризмін дамыту мақсатында Төлеби ауданында «Қасқасу туристік-рекреациялық орталығы» салынады. Бүгінгі таңда инженерлік инфрақұрылым құрылысы жүргізілуде.

  Аталған жобаларды іске асыру облысымыздың туристік әлеуетін арттырып, қосымша жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді.

Жалпы алдағы 5 жылда облысқа келуші туристер санын 2,5 млн. адамға жеткізуді жоспарланып отыр.

                                                                                                                                                                                  Ақжол Қараспан

Пікір қалдыру