Түркістан облысында денсаулық саласына ерекше мән беріліп отыр

28 Қазан, 2021 39 0

Түркістан облысында ана өлімі 28,4%, ал  сәби өлімі 7,9% құрайды. Осы орайда, ана мен бала саулығын сақтап, халықтың денсаулығын жақсартуға бағытталған іс - шаралар тұрақты түрде жалғаса бермек.

Облыс бойынша халықтың арасында туберкулездің таралуы 100 мың тұрғынға 25,8% құрады. Балалардың арасында туберкулез 2,1 пайызға төмендеген. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен алқалы жиында Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов мәлім етті. 

Кеңейтілген алқа отырысында облыс әкімінің орынбасары Арман Сәбитов COVID-19 індетіне қарсы вакцинацияның маңызына тоқталып, өңірде екпе салатын 150 пункт ұйымдастырылғанын тілге тиек етті. 

 "Қатерлі індетке қарсы екпені 972382 адам қабылдады. Екінші компонент бойынша 873912 адам екпе салдырды. Бүгінде Түркістан облысында эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Өңір  «жасыл аймақта» тұр",- деді Арман Сәбитов. 

Облысымызға қарасты қалалық және аудандық деңгейдегі медициналық ұйымдар 82 пайыз интернетке қол жетімді, цифрландырумен толық қамтамасыз етілген. 

Жиналыс барысында облыс әкімінің орынбасары медицина саласына жауапты басшылар мен өкілдеріне нақты тапсырмалар беріп, елдің денсаулығын жақсарту бағытындағы жұмыстарды күшейтуді жүктеді.

Рас,  бүгінде  облыста санитарлық-эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Коронавирустық инфекциямен жалпы тіркелгендер саны 13,6 мың, жазылып шыққандар саны  12,8 мың адам. Облыс бойынша ПТР зертханаларының саны 13, оның 9-ы мемлекеттік. 

Зертханаларда лабораториялық зертеулерден   1 млн. астам адам тексеруден өткізілген. 

Ақпан айынан бастап коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинацияның 836,6 мың дозасы жеткізілген. Жалпы 141 егу пункттерінде І компонентпен – 810,8 мың адам (1-кезеңде вакцинациялаумен қамту – 97%), ІІ компонентпен – 633,5 мың адам егілген. (2-кезеңде вакцинациялаумен қамту – 90%). 

Облыс аумағында аурудың алдын алу мақасатында 300 карантиндік және 2 020 жұқпалы ауруларға арналған төсек орындармен қамтамасыз етілген (240 реанимациялық). Инфекциялық төсек-орындар жүктемесі – 30% (жалпы 606 адам: КВИ – 145, пневмония – 461). 

Карантиндік төсек-орындар жүктемесі – 10,3% (31 адам). 

Реанимациялық төсек-орындар жүктемесі – 22,9% (57 адам).

Әртүрлі инфекциялық сценариге байланысты инфекциялық төсек-орын санын 5 600-ге дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар. Жедел-жәрдем қызметі 122 автокөлікпен қамтамасыз етіліп, автопарк 96 пайызға жаңарған. 

Биыл Түркістан қаласында қуаты 200 төсек-орынға арналған модульдік жұқпалы аурулар ауруханасы пайдалануға тапсырылды.Мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігімен Түркістан қаласында 570 төсек-орынға арналған «ATM TURKISTAN HOSPITAL» көпсалалы аурухананың құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Нысанның жалпы құны- 188,2 млрд.теңге. Ғимарат құрылысы келесі жылы аяқталады деп жоспарлануда.

Сонымен қатар, Түркістанда 190 төсектік облыстық балалар ауруханасы және 25 бригадаға арналған медициналық жедел жәрдем станциясының құрылысы басталды. Жеке инвестиция есебінен "Ана мен бала"  орталығының құрылысы бойынша Біріккен Араб Әмірлігімен меморандумға қол қойылды. Аталған жобаларды іске асыру медициналық қызмет сапасын жақсартуға септігін тигізеді.

                                                                                                                                                                                  Ақжол Қараспан

Пікір қалдыру