Түркістан облысында инфрақұрылымдық мәселелер оңтайлы шешілуде

01 Қараша, 2021 155 0

Түркістан облысында тұрғындарды ауыз сумен қамту мәселесі жүйелі түрде шешімін тауып келеді. Биылғы жылдың өзінде халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 60 сумен жабдықтау нысанының құрлысы жүргізілуде. Бұл бағытта бюджеттен жалпы 12,7 млрд. теңге бөлініпті. Соның арқасында сумен қамтылған елді мекендердің жалпы саны 710-ға  жетіп, қамту көрсеткіші 93,3 пайызды құрайды деп жоспарлануда.

Мәселен, Қазығұрт ауданындағы Өгем өзенінде каскадты ГЭС-пен бірге су құбырының құрылысы жобасы іске асырылатын болады. Құны 130 млрд.теңгені құрайтын жобаның  іске асыру мерзімі 2021-2025 жылдарға есептеліп отыр. Құрылыс барысында 500 жұмыс орны ашылады деп болжануда.

«Қазіргі таңда бюджет қаржысы есебінен техникалық-экономикалық негіздеме әзірленуде. Жоба іске асырылғанда облыста оңтүстік аймақтарындағы 1 млн. адамды тұрақты ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жалпы алдағы 5 жылда елді мекендерді 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз», - дейді Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев.

Түркістан облысының халқын көгілдір отынмен қамту жұмыстары да қарқынды түрде жалғасын табуда. Осы мақсатта биылғы  жылы 92 табиғи газ нысанының құрылысын жүргізуге бюджеттен 14,4 млрд. теңге бөлініпті.  Жылдың қорытындысымен 13 нысанның құрылысын аяқтап, жалпы газбен қамтылған елді мекендер санын 444-ке  жеткізу жоспарлануда. Айталық, Қақпақ, Таскескен АГРС-і  іске қосылып, Қазығұрт және Сарыағаш аудандарында 13 елді мекен көгілдір отынға қосылған. 

Алдағы 5 жылда облысымыздағы елді мекендердің  газбен қамту деңгейін 85,4 пайызға  жеткізу немесе 722 қамтамасыз ету  жоспарда бар.  

Биыл сондай-ақ,  58 электрмен жабдықтау нысанының  құрылысына 9,1 млрд.теңге бөлінген.  Жыл қорытындысымен 23 мың 500 тұрғыны бар  16 елді мекен сапалы жарықпен қамтылатын болады.

Бұдан бөлек, 700 мыңнан астам халық тұратын Сарыағаш, Келес, Жетісай, Мақтаарал және Шардара аудандарын сапалы электр қуатымен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін «Қызыләскер» қосалқы станция мен әуе желілерінің құрылысы аяқталып, іске қосу жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар,  Түркістан қаласында 220 кВ «Орталық», 110 кв «Солтүстік» қосалқы станциялары мен оны жалғайтын әуе желілері, Ордабасы ауданында 220 кВ «Бадам» қосалқы станциясының құрылысы бастау алды. Мұндағы құрылыс жұмыстары  2022-2023 жылдары аяқталады деп күтілуде.

  Сондай-ақ, облыс орталығы - Түркістан қаласында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында «Жылу-энергетикалық»  орталығы салынатын болады. Қазіргі таңда бұл жобаның бюджет есебінен техникалық-экономикалық негіздемесі және жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Инвестиция көлемі 36,5 млрд.теңгені құрайды.  Іске асыру мерзімі 2021-2023 жылдарға есептелуде. Құрылыс барысында 450 жаңа жұмыс орны құрылады. Нәтижесінде Түркістан қаласы толық жылу және электр қуатымен қамтылатын болады.

Биылғы жылы автомобиль жолдарын дамытуға бюджеттен 35,2 млрд. теңге бөлініп, құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 621 нысан немесе 1,7 мың шақырым жолдар мен көшелер қамтылған.  Жыл қорытындысымен 553 нысан немесе 1,1 мың шақырымды құрайтын жолдар  пайдалануға беріліп, қанағатты жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 87 пайызға жеткізу жоспарлануда.

Соңғы жылдары облысымыздағы елді мекендерге баратын негізгі автомобиль жолдарының жағдайы  едәуір жақсарған. Алдағы уақытта интенсивті жолдардың жүктемесін азайту мақсатында бірнеше маңызды жобаларды  іске асыру жоспарланып отыр.

Түркістан қаласындағы Шығыс айналма жол құрылысы, оның ұзындығы 30 шақырым. Жалпы құны 26 млрд теңге. Іске асыру мерзімі 2021-2023 жылдары деп белгіленуде. Екінші жоба - Кентау қаласынан Түркістан қаласына кіреберіс 24 шақырымдық  жолды қайта құру. Бұл мақсатқа 8 млрд теңге бағытталмақ.  Үшіншісі -  ұзындығы 70 шақырымды құрайтын «Түркістан-Шәуілдір» жолын қайта құру үшін 35 млрд теңге қарастырылмақ.  Сондай-ақ, ұзындығы 102 шақырымдық  Сарыағаш қаласынан айналма жол құрылысына 153 млр теңге бағыттау көзделуде. Аталған жолдың құрылыс жұмыстары 2025 жылы аяқталатын болады. 


                                                                                             Ақжол Қараспан

Пікір қалдыру