Түркістан облысы: азық-түлік бағасы тұрақтанады

09 Қараша, 2021 252 0

Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында барлық базарларда рейдтік, мониторингтік іс-шаралар күшейді. Осы орайда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының негізсіз өсімінің алдын алу үшін ірі сауда орындары мен дүкендер, әмбебап базарларды есепке ала отырып 1098 меморандум түзілген. Бұған дейін премьер-министр Асқар Маминнің қатысуымен өткен Үкіметтің Цифрлық кеңесінде республика бойынша азық-түлік бағасын тұрақтандыру мәселесі талқыланған еді. Қазан айының соңында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен аппарат отырысында облыс бойынша азық-түлік бағасы мәселесі кең талқыланды. Маңызды мәселелерге мойын  бұрып көрейік.

 

Осы жылдың қазан айының соңында республика бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының жалпы өсу индексі 0,0%-ды құрады. Қабылданған шаралар нәтижесінде отандық БАҚ сәбіз (-3,1%), пияз (-2,2%), картоп (-0,8%) бағасының төмендегенін жазды.

 

Азық-түлік бағаларын тұрақтандыру бойынша Түркістан облысында қандай шаралар қолға алынды?

 

Түркістан облысында азық-түліктің баға қарқыны 0,5 пайызға төмендеген. Аппарат отырысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев бұл мәселені өзі басшылыққа алғанын алға тартты. Жақында басталған рейдтік, мониторингтік шаралар негізінде сауда үстемелерін 10%-дан жоғары көтеруге жол бермеу талап етіліп, келген тауарлардың заң талаптарына сәйкестігін тексеру жұмыстары бақылауға алынды. Түркістан облысы кәсіпкерлік және сауда басқарма басшысы Нұрбақыт Иманқұловтың сөзінше, облыс әкімдігіне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын тұрақтандыру мақсатында «Айналым схемасы» шеңберінде жалпы есепте 570 млн.теңге берілген. Сондай-ақ халық азық-түлік сатып алатын негізгі «Magnum Cash&Carry» ЖШС, «Али Сауда» ЖШС, «Ғажайып-П» мекемелеріне қарыз берілген. Атап өтерлігі, бұл сауда мекемелері азық-түлікті нарықтағы бағадан 10-15 %-ға төмен сатуда.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің ақпарынша, бүгінгі таңда облыстың тұрақтандыру қорында құны 573,7 млн теңгені құрайтын 5895,2 тонна азық-түлік тауарлары (ұн, күріш, рожки, картоп, пияз, сәбіз, тұз, күнбағыс майы) бар.

 

Түркістандағы Эко-базар

 

Басқосу барысында диқандар өз өнімдерін арадағы делдалдар арқылы өте арзан бағаға сатып жатқанын мәлімдеді. Ал сатып алушылар азық-түлік бағасын жасанды көтеріп жатыр. Осы орайда Түркістан облысындағы көтерме тарату орталығы саналатын Эко-базар бағаны тұрақтандыруға, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жағдай жасайды. Жаңа сауда орталығы Түркістан облысының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандырудың маңызы тетігі болып отыр.

 

Түркістан облысындағы әлеуметтік дүкендер

 

Түркістан облысында 13 әлеуметтік дүкен бар. Тамыз айында облыс орталығында орналасқан 5 сауда орнында әлеуметтік бұрыштар ашылған. Онда әлеуметтік маңызы бар тауарлар нарықта белгіленген бағадан мейлінше төмен бағада сатылады. Облыс әкімдігі азық-түлік бағасын тұрақтандырып, негізсіз өсірмеу үшін, сауда бағалары бойынша заңнама талаптарын бұзуды болдырмау мақсатында Түркістан облысындағы сауда орындарына 45 нұсқама беріліп, қазіргі таңда 3 субъектіге айыппұл салынған. Бұл мәселе бойынша жұмыстар жалғасып жатыр.

 

Осы жылы қарашаның басында ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Үкіметтің Цифрлық кеңсесінде орталық мемлекеттік органдар басшыларының және өңір әкімдерінің қатысуымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағаларын реттеу мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Кеңес барысында әр облыс әкімі баяндама жасады. «Айналым схемасы» бойынша тиімді жұмыс істеп жатқан өңірлер қатарында Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары бар. Кеңес барысында еске салсақ егін жинау науқанының аяқталуын және алдағы мерекелерді ескере отырып, әкімдіктерге бір апта ішінде өңірлерді ұнмен 100%-ға дейін қамтамасыз ету, бұған дейін бекітілген нормативтерге сәйкес негізгі көкөністер бойынша қорларды толықтыру, сондай-ақ делдалсыз сауда желілері мен өндірушілер арасында форвардтық сатып алу шарттарын жасасуды қамтамасыз ету тапсырылған еді.

 

Бұған дейін Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев журналистерге берген сұхбатында азық-түлік бағасында маусымдық құбылу бар екенін, желтоқсан айында көпшілік жаңа жылға дайындалатындықтан кей өнімдердің бағасы қымбаттайтынын алға тартты. Министрдің сөзінше, қазіргі таңда «нан түріне қарай 130 теңге тұрады, картоп шамамен 425 теңге». Сөз барысында министр Үкімет экономикадағы инфляциялық процестерді тежеу үшін шаралар кешенін қабылдағанын тілге тиек етіп, әр өңір бойынша азық-түлік бағасына мониторинг жасау жұмыстарының жүріп жатқанын хабарлады.

Фатима Амангелді

Пікір қалдыру