Індетті еңсерген Түркістан жасыл аймақта

09 Қараша, 2021 259 0

Республика бойынша СOVID-19 індетінің алдын алу шаралары қарқынды жүріп, вакцинациялау жұмыстары жалғасын тауып жатыр. Бүгінде Түркістан облысы індет қарқынын тежеп, жасыл аймаққа өтті. Облыс мұндай көрсеткішке індетке қарсы күресте алдыңғы шепте жүрген ақ халатты абзал жандардың кәсіби шеберлігі мен адалдығының арқасында, сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесін қажетті ресурстармен қамтамасыз етуде облыс басшылығының күш салуының арқасында қол жеткізді десек артық айтқандық емес.

 

Түркістан Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы өкілдігінің басшысы, доктор Кэролайн Кларинваль облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевпен кездесуінде Түркістан облысының жасыл аймаққа өтуіндегі елеулі жұмыстарды атап өтіп, жедел әрі сапалы жұмыстар аймақта індетті төмен деңгейде және өршітпей ұстап отыруға мүмкіндік бергенін басым айтты.

 

Ө.Шөкеев: Жергілікті медицина қызметкерлерін шетелде оқыту жобасын қолға аламыз

 

ДДС ұйымының Қазақстандағы басшылығымен кездесу барысында тараптар COVID-19 індетіне қарсы іс-шараларды күшейту, аймақ тұрғындарының денсаулығын жақсартуға қатысты бірқатар мәселелерді талқылады. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Қазақстан денсаулық сақтау мәселелері бойынша ДДҰ-мен ынтымақтастықты құптайтынын айтып, Түркістан облысында денсаулық сақтау саласы бойынша бірқатар маңызды мақсаттар және жобалармен таныстырды. Әкімнің сөзінше, өңірдегі түрік үлгісіндегі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бірегей көпсалалы аурухана құрылысын жүргізу, жергілікті медицина қызметкерлерін шетелде оқыту және біліктілігін арттыру бойынша денсаулық сақтау жүйесінде бірнеше жобаны бастау жоспарланған. «Осыған байланысты сараптамалық қолдау мен ДДҰ-ның ғылыми негізделген ұсыныс базасы аталған жобаларды сәтті жүзеге асудың берік негізі бола алады», - деді Өмірзақ Шөкеев.

 

«Пандемия майданының шебінде жүрген медицина қызметкерлерінің еңбегін жоғары бағалаймыз» 

 

Доктор Кэролайн Кларинваль ДДҰ аймақ басшылығының COVID-19 індетімен күресудегі күш-жігерін, сондай-ақ пандемияның алдыңғы шебінде жүрген медицина қызметкерлерінің кәсібилігі мен адалдығын жоғары бағалайтынын алға тартты. «Бұл жұмыстар вирустың жаппай таралып кетпеуіне ықпал етті», - деді ДДҰ-ның Қазақстандағы өкілі. Доктор Кэролайн Кларинваль ДДҰ қоғамдық денсаулық сақтау, жұқпалы емес ауруларды емдеу, зертханалық сапа менеджменті ресурстарын жұмылдыру және т.б салаларда техникалық саланы қолдауға және бөлісуге дайын екендерін атап өтті.

Атап өтерлігі, Түркістанға келген ДДҰ делегациясының басты мақсаты – өңірдің коронавирус індетіне қарсы күрес барысын саралап, эпидемиологиялық жағдаймен танысу, сондай-ақ медицина қызметкерлерімен тәжірибе алмасу.

 

Түркістан облысында екпе алу жұмыстары қалай жүруде? 

 

Ресми деректерге сәйкес, бүгінде Түркістан облысында 957 575 адам екпе алған. Ал соңғы тәулікте өз еркімен 3252 адам екпе қабылдаса, вакцинаның екінші компонентін алған адамдар саны 860 917 адамды құрап отыр. Облыс тұрғындары Спутник-V, QazVac, CoronaVac, Sinopharm вакциналарын ала алады.

 

Ал індет жұқтырғандарға қатысты деректерге назар аударсақ, соңғы тәулікте аймақта 33 адамнан COVID-19 індеті анықталған. Тәуліктік өсім 0,22 пайызды құрап отыр. Жалпы облыс бойынша пандемия белең алғалы 1 077 576 ПТР сынамалары алынған. Ал жұқпалы аурулар емханасында жалпы есепте 930 орын бар. Бүгінгі таңда оның 581-і бос. Індет басталғалы бері облыста 14 916 адамның індетке шалдыққаны расталса, 7549 адамда ол симптомсыз өткен.

 

Атап өтерлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ақпарынша, республикада 8 қарашада коронавирусқа қарсы вакцинаның I компонентін 8 409 883 адам салдырды. Коронавирусқа қарсы вакцинаның II компонентін салдырғандар саны 7 674 577 адамды құрайды. Жалпы есепте республика бойынша вакцинаның І компонентін 8 409 883 адам алған, ІІ компонентін 7 674 577 адам алған.  


Фатима Амангелді

Пікір қалдыру