Келешегі кемел Қасқасу

09 Қараша, 2021 260 0

Қасқасу келешекте айтулы туризм орталығына айналады. Бұлай деуге толық негіз бар. Жақында Түркістан облысы мәслихатының жетінші сессиясында Қасқасуды туризм орталығына айналдыру мәселесінде бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Зиялы қауым, қоғамдық кеңес мүшелері, жергілікті билік өкілдері, аудандық, қалалық мәслихат хатшылары, құзырлы мекеме басшыларының қатысуымен өткен отырыс барысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев есеп берді. Сөз барысында Өмірзақ Естайұлы Түркістанның қарқынды дамып, өркендеуіне қатысты негізгі жоспарлармен бөлісіп, әсіресе Қасқасуда айтулы өзгерістер болатынын басым айтты.

 

Осыдан тура бір жыл бұрын Түркістан өңіріне ат басын бұрған ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы, «Nur Otan» партиясының бірінші төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы шағын топпен мәжіліс өткізіп, Түркістанның жаңа облыс орталығы ретінде келешек өркендеуін тілге тиек етіп, қарқынды дамуға жаңа леп әкелетін маңызды жобаларды атаған еді. Соның бірі – Төлеби ауданына қарасты Қасқасу ауылындағы демалыс аймағын жылына 500 мың турист қабылдайтын аймаққа айналдыру. Сол маңызды жиында премьер-министр Асқар Мамин және облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев бұл жобаның қола алынғанын, қаншалықты тиімді екенін мәлімдеді.

 

Халықаралық деңгейде қызу талқыланған жоба

 

Атап өтерлігі, Қасқасуды туристік аймаққа айналдыру жобасы бұған дейін де халықаралық деңгейде қызу талқыланды. Бүгінді таңда GG Group компаниясы қонақ үй тұрғызуға қызығушылық танытып отыр. Сондай-ақ өткен жылы өңірде тау шаңғы курортын салу бойынша туризм саласында жоғары тәжірибесі бар мемлекеттік органдармен қатар, «Dianeige France», «STEM International France»,  «MND Group France» сынды халықаралық компаниялардың сарапшылары, Қазақстан және Ресей халықаралық шаңғы федерацияларының инспекторлары, отандық «Гео дата плюс», «ASP Project company» компаниясының өкілдері бас қосып, жобаның басым бағыттарын талқылады. Жиында сөз алған MND Group France» компаниясының директоры Фрере Эддидің айтуынша, бұл туристік жоба техникалық және экономикалық тұрғыда өте тиімді жасалған. Ал Халықаралық шаңғы федерациясының инспекторы Андрей Обыскалов жоба жүзеге асса, тек туристік орталық болып қана қоймай, сондай-ақ құрылықтық және халықаралық жарыстар мен шаралар өткізетін әлеуетке ие болмақ.

 

Қасқасу курорт аумағының басты құрылымы

 

Жалпы курорт аумағы негізгі 2 аймаққа бөлінеді: соның бірі - тау шаңғысы инфрақұрылымы бар жоғарғы база яғни шаңғы трассалары, арқан және дөңес жолдар, көтергіштер, сервистік ғимараттар  1 910 метрден 3 200 метрге дейінгі биіктікте орналасады, ал төменгі базаны құрайтын қонақ үйлер, мейрамханалар, аквапарк,  ойын, спорт және жаттығу орталықтары 1600-ден 1900 метрге дейінгі биіктікте орналасады. Сонымен қатар жобаны іске асырудың бірінші кезеңінде келушілер саны 110 мыңнан 140 мыңға дейін артады деп жоспарлануда. Қазіргі заманғы тау шаңғысы курортының құрылысы өңірдегі жаппай тау шаңғысы спортын дамытуға серпін береді, отандық туризм индустриясы қызметінің бәсекеге қабілеттілігі мен сапасын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік туғызады.

 

«Nur Otan» партиясының бастамалары

 

Қасқасудың тек ел мақтанышына айналып қана қоймай, туристік, әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеру мақсатында «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес,  алдағы екі жыл ішінде Қасқасу ауылдық округіндегі елдімекендер мен көршілес Диханкөл ауылына «Көгілдір отын» жобасы аясында   табиғи газ  жеткізіліп, көпшілік игілігін көруі тиіс. Бүгінде Төлеби ауданындағы Қасқасу өңірі мен Диханкөлден басқа елдімекендердің барлығына көгілдір отын тартылғанын атап өткен жөн.

 Сонымен қатар партияның сайлауалды бағдарламасында білім беру саласына да басым мән беріліп отыр. Апаттық және үш ауысымды мектептер мәселесі 2025 жылға қарай республика бойынша 800 жаңа мектеп салу жобасы жүзеге асқанда шешімін табады. Бұдан өзге шағын қалалар мен аудан орталықтарында, ауылдарда 5 мың мектеп қайта өңделіп, барлық мектепте мұғалімдер саны жеткілікті болады. Қазіргі заманғы интернет мүмкіндіктерін және онлайн білім алуға деген сұраныстың артқанын ескере отырып, бірыңғай білім беретін онлайн платформа енгізіліп, барлық ауыл мектептерін жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз ету мақсаты көзделді. 

Пікір қалдыру