ТҮРКІСТАН ҚҰРАМА КОМАНДАСЫ АҚТӨБЕДЕ ӨТКЕН ҰЛТТЫҚ СПОРТ САЙЫСЫНАН ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІ

25 Қыркүйек, 2019 8 0

Ақтөбе қаласында қазақтың ұлттық спорт түрлерінен өткен фестиваль өз мәресіне жетті. 4 жылда бір өтетін спорт додасында жалпыкомандалық есепте жеңіске жеткен Түркістан облысының спортшылары бірінші орынды қанжығаға байлады. Екінші орынды Нұр - Сұлтан қаласының командасы қоржынына салса, жүлделі үштік алаң иелеріне бұйырды. Айтулы додаға еліміздің барлық аймағынан жиналған 800-ге жуық спортшы қатысты. Олар спорттың 12 түрінен бақ сынасты. Атап айтқанда, аламан бәйге, құнан бәйге, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату, асық ату, қазақ күресі, құсбегілік, тоғызқұмалақ, жекпе-жек сынды ұлттық спорт түрлерінен тартысты. Бәсекеде тұран даласының намысын 70-ке жуық спортшы қорғады. Ал, қорытынды есеп бойынша Түркістан облысының спортшылары бес спорт түрі бойынша үздік деп танылып, жеңіс тұғырынан көрінді. Спорттық сайыс 10 күн бойы жалғасқан болатын.

Пікір қалдыру