Инвестициялық штаб – бизнес мәселелерін жедел шешуге арналған ашық алаң.
Инвесторлар облыс әкімі, қаржы ұйымдары және жауапты басшылармен тікелей диалог орнатып, өзекті мәселелер талқылады. Бүгінгі отырыста облыс басшысы тарапынан кәсіпкерлерге қолдау көрсету бойынша тапсырмалар берілді. Шешу жолдары ұсынылды. Сондай-ақ облыс әкіміне Созақ және Бәйдібек аудандарының аумағында инвестициялық жобалардың іске асырылуы бойынша баяндалды.
Дархан Сатыбалды таныстырылған жобалардың маңыздылығына назар аударып, аудан басшылары мен жауапты сала басшыларына инвесторларға қолдау көрсетуді тапсырды. Аудан, қала әкімдерінің жұмысы инвестиция тартумен, халықты жұмыс орнымен қамтумен бағаланатынын еске салды. Жауапты тұлғаларға инвестиция тарту бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастыруды міндеттеді. Облыс әкімдері кей аудан басшыларының инвестиция тартудағы жұмыстарын қатаң сынға алды, деп хабарлайды Turkistanmedia.kz.
– Жаңа инвестициялық жобаларды қолдап, кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы орта қалыптастыру қажет. Әр ашылған кәсіпорын халықтың әл-ауқатын арттыруға, тұрмыс деңгейін көтеруге ықпал ететіні сөзсіз. Сондықтан ел игілігі үшін билік пен бизнестің тығыз жұмыс істеуі маңызды. Әр әкімнің негізгі міндеті – халықтың табысын арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу. Осыны әлі де білмей жүргендер бар. Ізденіңіздер, жобалар ұсыныңыздар. Бұл бағытта жұмыстарыңыз нашар. Көрші елдерден, облыстардан тиімді жобаларды жүзеге асыруды үйреніп, тәжірибе жинап, жаңа жұмыс орындарын ашу керек, – деді Дархан Сатыбалды.
Сауран ауданында 300 га алқапта жаңбырлатып суару әдісімен жоңышқа өсіру және сүт-тауарлы фермасының құрылысы таныстырылды. Кәсіпкерлерлерге қаржылай қолдау қажет. Отырыста оның жолдары ұсынылды. Сонымен қатар Қазығұрт ауданында сүт-тауарлы фермасы салынбақ. Құрылысқа керек жер іздестірілуде. Сауран ауданындағы пластикалық орындықтар шығаратын фабриканың құрылысы бойынша қолдау қажет. Сайрам ауданындағы ет бағытындағы құс фабрикасының құрылысына да қолдау керек. Инвесторлар тарапынан Сайрам ауданындағы оңалту-сауықтыру орталығын кеңейту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сарыағаш ауданында мал бордақылау алаңын кеңейту және малды сою бекеті, экспортқа ет дайындау инвестициялық жобалары жүзеге асады.
Түркістан өңірінде индустриалды аймақтардардың аумағы кеңейтілуде. Инвестициялар тартудың қолайлы экожүйесін құру жүзеге асуда. Инвесторларға индустриалдық аймақтар мен «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағы аумақтарында «Greenfield» және «Brownfield» өнеркәсіптік алаңдары ұсынылады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі