Мәңгілік мұраның Мәшһүрі

Аңыз өріп, абыз өнген қа­сиетті Баянауыл жерінде мәң­гілік мұрамыздың мәш­һүрі – Мәшһүр Жүсіп Кө­пей­ұ­лы­ның 165 жылдық тойы жо­ғары деңгейде аталып өт­ті. Шараға Мемлекет бас­шысы арнайы қамқорлық көр­сетіп, құттықтау жол­да­ды. Президенттің құттықтау ха­тын Парламент Мәжілі­сі­нің Төрағасы Ерлан Қоша­нов оқып берді. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев құттықтау хатында «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы халқымыздың ауыз әдебиетін, шежірелі тарихын және салт-дәстүрін жан-жақты зерделеп, ұлт руханиятын да­мытуға өлшеусіз үлес қосты. Халықты өнер-білімге шақырған толғаулар, дас­тандар мен қиссалар жазып, төл әдебиетіміздің көкжиегін кеңейтті» деп алашқа айнымас рухани бағдар көрсетіп келе жатқан талассыз темір­қазықтың бірі – Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы мұрасына жоғары баға берді.

ашық дереккөзі

Үлкен ғылыми конференция ұйым­дастырылып, белгілі ғалымдар сөй­леді. Ғұламаның 10 томдық таңдамалы шы­ғармаларының тұсауы кесіліп, қалың оқыр­манға жол тартты. Дүбірлі дода ала­ман айтыс өтті. Осылайша, Мәшекең тойы ал­ты алаштың басын қосқан айтулы оқи­ғаға айналды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Ке­мелұлы Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырда­ғы Қазақстан» атты бағдарламалық мақала­сын­да да Абайдың «толық адам» тұжыры­мын қайта зерделеуіміз керегін ескертіп, ке­мел кісілік пен игі адамдық қасиеттерді қоғамдық құндылыққа айналдыру хақында айтқан болатын.
Сонау ілкі ғасырлардан бастау алған «ке­мал адам» ілімі мен «толық адам» ұсты­ны­нан тамыр тартып, ұлттың болмысын қалып­тастыратын осы ұлттық қасиеттердің асыл арқауын жалғаған бірегей абыздары­мыз­дың бірі Мәшекең деп санаймыз.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы – алты алаш­тың абызы, ақын, шежіреші, қа­зақ халқының ауыз әдебиеті үлгілерін жи­наушы, энциклопедист-ғалым, ағарту­шы ұстаз, ұлт азаттығы үшін күрескен қай­раткер, бір сөзбен айтқанда тамырлы қа­зақ руханиятын жаңғыртып түлетуші ке­меңгер тұлға.
Ол – қазақтың қазыналы тарихы, әде­бие­ті мен мәдениетінің, тілі мен ділінің, асыл дінінің шырақшысы, қай заманның ұрпағы көз нұрын салса да, алыстаған сайын жарқырай беретін сан қырлы гауһар.
Сол себептен де алаш жазушысы Жү­сіп­бек Аймауытов Мәшекең туралы «Сіз – қа­зақтың қазақ заманында дүниеге келіп қал­ған гауһарсыз. Сіздің құлашыңыз ұзын, қиялыңыз терең, арманыңыз алыстағы өткен өмірде» деп, ғұламаға көзі тірісінде баға береді.
Ұлы Абаймен пікірлес болып, өлеңдерін насихаттап, туған халқын өнер мен білімге шақырған, діни-ағартушылық сарында жырлар жазып, шәкірттерге жәдидшілдік жолында білім берген Мәшһүр Жүсіптің рухани дидар келбеті – шын мәнінде Абайдың «толық адам» тұжырымдамасының көрінісі іспетті, мәуе түйген жемісі.
Шығармаларында дінді пайда­күнем­дікке айналдырған жемқор молдаларды уытты тілімен қатал сынағанымен, Мәш­һүр Жүсіп өнернамасының діңгегі ислам дінінің құндылықтары, алтын өзегі Жүсіп Баласағұн, Сүлеймен Бақырғани, Рабғұзи, Қожа Ахмет Ясауи, Әлішер Науаи, Маржани секілді ізгілік ілімін адамзатқа үлгі еткен дарабоз даналар екені анық.
Ақын Бұхара, Ташкент, Түркістан са­парында киелі әулие-әнбилер күмбезіне зия­рат етеді, Қожа Ахмет Ясауи дүрбесіне ар­найы тағзым жасайды. Тақуалық сырлы жол­ды ұстаған кемеңгер ақынның туған хал­қының тілін, ділін, ата салтын, баба тари­хын, өмір-тіршілігін шексіз сүюі, елін өнер-білімге, бостандыққа, адалдық пен еңбекқұмарлыққа, ынтымақ пен мейір­бан­дылыққа үндеуі – тәуелсіз отанымызға ә­р­дайым күш-қуат беретін парасат кәусары.
Мәшһүр Жүсіп шығармалары зама­ны­мызға негізінен қолжазба күйін­де жет­кенімен, оның атақ-даңқы өзі ту­ған елінен асып, кезінде бауырлас ел­дердегі ағайындар арасына да белгілі бо­лады. Замана, қоғам, саясат туралы дабылды мәселелерді қоз­ғаған бағалы шығармалары «Дала уалаяты» газетінде, «Айқап» журна­лын­да, түркі ха­лықтары арасына кеңінен танылған «Тәр­жіман» газетінде, Тәшкентте шы­ғатын түр­лі баспасөз беттерінде жария­ла­нады.
Сол тұстағы түркі әлемінің белгілі ға­лым­дарымен пікір таластырып, білім жа­рыс­тырған Мәшекеңнің тұжырымдарын әйгілі Исмайыл Гаспралының өзі құрмет тұтып, жариялап отырғанын білеміз. Мә­се­лен, сан қырлы тақырыпқа қалам тер­бе­ген Мәшекең «Тәржіман» газетінде шық­қан бір жазбасында, тіл тазалығына айырықша тоқталған. Сырттан, араб-парсы тілдерінен енген сөздердің арысы түркі, берісі қазақ ті­лінің заңдылығына сай болуын қолдаған. Мақалада Мәшекең арабтың «муамле» сөзі «мә­міле» болып кіріп, тіліміздің фонети­ка­л­ық заңдылығына сәйкестеніп, тілге сіңіп кеткені белгілі. Кірме сөздерді қабылдаудың осындай методикасын алаш арыстары да дұрыс деп есептейді.
Кемеңгер ақынның өлеңдері, қисса-дас­тандары, тәмсілдері, айтыстары, сан алуан шығармалары ең алдымен заманның, қо­ғам­ның бет-бейнесі, астарлы ағысын бүк­пе­сіз ашып, өткір шенейтін сыншыл­ды­ғымен, ақи­қатшылдығымен, көзқарасының ашық­ты­ғымен, рухани нәр беретін ізгілік ілімі, шы­ғыс мәдениетімен терең астасқан өр­негі­мен оқырманға ой салып, санасын сер­піл­те­тін мәңгілік құндылыққа, құдырет­ке ие.
Ол – қазақ хандығының түпкі бас­тауын, арғы кезеңдерін, бауырлас ха­лықтармен байланысын, көне түркілік ежелгі тамырын халқымыздың рухани өмі­рімен тығыз сабақтастыруымен шежі­ре­лі тарихымызды жаңғыртып, ел жадын тер­беп оятқан зерделі де зерек туындыгер.
Қазақ хандығының бастау арнасын ке­зеңдеуді алғаш жүзеге асырған да Мә­ше­кең деуге болады. Оның пайымдауында қа­зақтың алғашқы ханы әйгілі Оғыз хан, Оғыз хан дәуірінен кейін Беженек, Қыпшақ, Қаң­лы, Қондыгер, Құбан, Ноғайлы, Алтын Ор­да кезеңдері әңгіме арқауы болады. Қон­ды­гер-Ғұсмания тарихының біздің жұрт­пен байланысы да нысанға айналады.
Оғыз хан, Алаша хан, Шыңғыс хан, Жо­шы хан, Майқы би, Кетбұқа, Сайын хан, Әмір Темір, Тоқтамыс, Ер Едіге, Әз Жәнібек, Қасым хан, Ақназар хан, Есім хан, Тәуке хан, Абылай хан, Кенесары хан, Абайділда сұл­тан секілді көптеген шоқтықты ірі қай­раткерлерге ғұламаның қаламы сәуле тү­сіреді, аруағын аунатады. Ғұсмания хан­дары Ер Тұғырыл, Осман, Фатих сұлтан, Ор­та Азия билеушілері Шайбан хан, Ғұ­байд­ұлда, Қоқан хандары Шаһрух, Нарбота, Шерәлі, Мәделі, Қалмақ билеушілері Аюке, Қалдан Шерін, Әмірсаналар тауарихы тәп­тіш­теледі. Осылайша, Мәшекең шығар­ма­лары арқылы қазақтың ежелгі хандық дәуі­рінің көрнекі қайраткерлерінің тұлға­сы жүйелі сомдалып, шаң басқан, жел қақ­қан көшпелі жұртымыздың көне тарихы күмбірлейді.
Сондықтан Мәшекең мұралары болма­са, арғысы Алаша хан дәуірінен бастау ала­тын Алтын ордаға дейінгі, бергісі Абы­лай кезеңінен Алашқа дейінгі кемі 6 ғасыр­лық алып тарихымыздың сипаты олқы, дере­гі кем болар еді.
Оның бай мұрасы географиялық кеңіс­­тігімізді тұтас қамтып жатыр. Мәш­һүр жаз­­­­баларында Арқаның аңызы да, Қара­таудың хикаялары да, Алтай әңгімелері де, ежелгі Құлзым, бүгінгі Каспий аймағының жыр­лары мен шежірелері де тұтас қамтыл­ған. Сондықтан оның мұрасы қазақ тарихы мен ұлт руханиятының тұтас келбеті сын­ды. Сонымен қатар Мәшекең бір тақы­рып­тағы бірнеше нұсқаны қатар береді. Бұл са­лыстыра талдау үшін құнды болып қана қой­май, Мәшһүр атамыздың жетілген ғы­лыми методикасын да айғақтаса керек.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Қа­зақ ре­несансы» атанған алаш дәуірі­нің бастау бұлағында тұрғаны белгілі. Алаш­тың сол кездегі аты озған азамат­тары­ның дені оны өзіне ұстаз тұтқанын біле­міз. Заман тудырған тағдырлы сұрақ­тарға Мәшһүр тағылымды жауап тауып отырған. Ел құру, ғылым қалыптастыру, ни­зам түзеу ісетерінде де оның пайымды пі­кірлер мен парасатты тұжырымдар айт­қанын жазбаларынан аңғарамыз.
Мәңгілік өмір сүруге ынтық Гильгамеш (Біл­ге кісі), ажалдан қашқан Қорқыт, тір­ші­лік суын тапқан Қызыр, мәңгі ел мұратын ұсын­ған Тоныкөк, Өтүкенді жер-жаһанның ортасы деп білген Білге қаған, қайырымды қо­ғамды аңсаған әл-Фараби, ізгілік іздеген Жүсіп Баласағұн, Желмаясымен Жерұйық­қа жетпек болған Асан қайғы, әділетті сүй­ген Абай – күміс қоңыраулы керуендей ға­сырларды көктей өткен халқымыздың асыл арман-аңсарының бір көрінісі.
Мәшһүр мұралары да күңіренген за­ман­ның, кейісі көп кезеңнің көп суретін көз алдымызға әкелетін көркем шежіре. Қа­зақ­тың алтын заманын күткен асық аң­сар.
Бүгінде мемлекетіміздің қолдауымен Мәшһүртану ғылымы жаңа белеске кө­терілді деуге негіз бар. С.Торайғыров атын­да­ғы Павлодар мемлекеттік университе­тін­де Мәшһүртану орталығы ашылды, бұл са­лаға филология ғылымдарының док­торы, профессор марқұм Қуандық Мәшһүр Жүсіп бастаған мамандар ықтиятты қыз­мет атқарып, іргелі ізденістер жасағаны бел­гілі. 2001 жылы Павлодар қаласында қа­сиетті Мәшһүр Жүсіп атындағы орталық ме­шіт ашылды, ақынның музейі, мавзолейі жаңа заман талабына сай жаңғыртылып, алыс-жақыннан зиярат етушілерге рухани тәлім беретін орталыққа айналды.
Алаштың айнымас темірқазығына ай­­налған, тарихымызды түгендеген, бо­ла­­­шақ­ты болжаған Мәшһүр бабамыз аң­саған асыл мұрат, аңсарлы мақсат, ал­­ғаусыз ақи­­қат баршамыздың ортақ құн­­ды­лы­ғы­мыз, адастырмас бағдарымыз еке­ні анық.

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ

Loading...