РУХАНИЯТТЫҢ КҮРЕТАМЫРЫ

30 Сәуір, 2020 1379 0

* Ой-толғам

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың Оң­түстік Қазақстанды Түркістан облысы деп бекітуі –талай сындарлы шақта қазақ дейтін халықты бірлік пен берекеге ұйыстырып, елдікке бастаған хандар мен сұлтандарға, билер мен Алаш арыстарына жасалған зор құрмет болып тарғыл тарихтың беттерінде қалары һақ. Біз осы тұрғыда елге танымал тұлғалардың осы бір маңызды шешім тұрғысындағы, сондай-ақ күллі қазақтың рухани шамшырағына айналған Түркістан жайлы ой-толғамдарын оқырман қауымға тарту етпекпіз.

Оңтүстік Қазақстан облысының орталығын Түркістанға көшіру – ел тарихында қалар өзекті әрі маңызды шешім болды деп санаймын. Өздеріңіз білетіндей, Оңтүстік Қазақстан - халық саны жағынан ең жоғарғы облыс болып отыр. Бүгінгі таңда облыста 3 миллионнан астам халық тұрады.  Осы өңірді ұлтымыздың «демографиялық алтын діңгегі» деп айтсақ, артық айтпағандық болар. Адам капиталы – мынау ұлан-ғайыр атырапқа иелік етіп отырған мемлекетіміз үшін аса өзекті фактор екенін ескерсек, облыс орталығын Түркістанға көшіру дер кезінде жасалған маңызды шешім екені айтпаса да түсінікті деп ойлаймын. Өйткені Түркістан – жоралы жұртымыздың рухани темірқазығы іспетті тарих пен тағылымға толы күллі түркі-мұсылман халықтарының талбесігі, киелі де қасиетті мекені! Осынау рухани қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, кемел елдің келешек ұрпағына жеткізу – сіз бен біздің межелі міндетіміз, қасиетті парызымыз деп ойлаймын.

Аталған шешіммен бірге Түркістан үшін Қазақстан тарихында дамудың жаңа парағы ашылары даусыз. Өйткені, ол - біріншіден қаржы инвестициясы. Енді Түркістанға инвестиция ағылатын болады. Шет елдік инвесторлар мен компаниялар  көптеп келіп, саяхаттаушы туристердің де үлес салмағы едәуір болмақ. Сәйкесінше, өңір халқының да әл-ауқаты одан сайын жақсара түседі. Екіншіден, адам инвестициясы. Яғни, халық санының өсу ықтималдығы жоғары. Тұрғындар саны енді бес-алты жылда жарты миллионнан асуы мүмкін. Бұл өз кезегінде қаланың да дәрежесі жылдан-жылға арта түседі деген сөз. Үшіншіден әрине, сан ғасырлық адамзат шежіресінің куәгері және өркениет жауһары болған қасиетті Түркістанның Қазақстанға ғана емес, түркі елдері ішіндегі рухани рөлі одан сайын арта түсетін болады. Мен қоғамның бұл шешімді міндетті түрде қолдайтынына сенім білдіремін.


                                                                                                         Ерлан Саиров

                                                           Саясаттанушы, ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары, ҰҚСК-нің мүшесі

Ежелден өркениетті, күшті мемлекет құрған, «күшімен, жаужүректілігімен бүкіл дүние жүзіне аты шыққан қазақ» (ИсфаҺани Рузбихан) екенімізді бабаларымыз ертеде Тұран, кейін Түркістан деп аталатын алып империя құруымен танытты. Сол алып империяның жанжүрегі іспетті Түркістан (Яссы) қаласы XVI ғасырда Сайрам, Отырар, Сауран, Сығанақ, Саяқ, Сүткент, Аққорған қалаларымен қатар дамып, гүлденіп Қазақстанның Оңтүстік өңіріндегі ірі әкімшілік, сауда-экономикалық және діни орталығы қаласына айналған. Орталық Қазақстан далаларынан, Орта Азия, Жетісу, Сібірден келетін сауда жолдары Жібек жолына осы Яссы (Түркістан) қаласында түйіскен. Сол уақытта-ақ түрлі елдердің көпестерінің жүк түсіретін пункттері, әр түрлі елдердің саяхатшылары аялдайтын туристік орталығы болған. XVI ғасырда сол маңдағы кең байтақ елді мекеннің атауымен Яссы Түркістан атанды. Түркістан – егіншілігі дамыған, өңделген жері мол, мал шаурашылығын да қатар алып жүрген бай жұрттың құтты мекені.

Қалада жергілікті базарларды мыс теңгелермен қамтамасыз ететін ақша жасайтын шеберханалары жұмыс істеген. Шығыстанушы ғалым Исфаһани Рузбиханның айтуынша «Түркістан – билеушілердің астанасы». Демек, XVII ғасырдан бастап қазақ хандарының резиденциясы атанған. Қазақ хандығы аяғынан тік тұрып кетуі, Жоңғар соғысының алғашқы аласапырандарына қарсы тұру мәселелері осы Түркістанда шешілген. Күллі қазақ «Мекке» деп мойындайтын киелі қала да – Түркістан. Елімізге, күллі түркі әлемі қасиет тұтатын, рухани қуат алатын, ежелден түрік және түріктенген моңғол рулары мен тайпаларының этникалық – саяси және этникалық мәдени байланыстары, этникалық өзара қатынасының дәстүрі берік орныққан абройы асқақ, құшағы ыстық қаланың әлемге танымал, мәдени ренесанстың шамшырағы бола тұра республика көлемінде биік статусқа көтерілмей, елеусіз, құрметсіз, көптің бірі қатарында қалуы кемел саясат, кемел парасат, көреген, терең ойлы, әр нәрсенің қадір-қасиетін жете сезінетін Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысын «Түркістан» деп атауға дана шешім қабылдады. Халқы төбесі көкке жете қуанып, Тұңғыш Президентіне алғысын жаудырды.

Түркі халықтарының атасы саналып, атақонысты алтын бесікке айналдырып отырған Қазақстанға, әсіресе, екінші Мекке саналатын Түркістанға жан-жақтан ағылып келіп жататын түркі туыстас халықтар облыс орталығынан қошемет көріп, Қожа Ахмет Иасауи мешітінен «Меккенің зәм-зәм суының» дәмін татып, бауырластықтың ләззәтіне бөленіп қайтуға мүмкіндік жасалды.

Дін адамды имандылыққа бастайтын, өмір сүрудің заңдылықтарын санаңа құятын, жер бетінде адамзаттың бәрін бауырым деп сүюге үндейтін, бұл фәнидің тоқсан тарау, жүз бөгесіні бар қыл көпірлі тозағынан еңбегіңмен, ақылыңмен, күрескер сана, мінез-құлқыңмен жеңіп, бақыттың бесігінде тербеліп, жұмаққа жетудің ережелерімен қаруландыратын рухани азық, ғылым, киелі кітап.

Түркістанды «Екінші Меккеге» айналдырған Қожа Ахмет Иасауи –  Әзірет Сұлтан – Түркістандық ғұлама әулие, арғы тегі  қожалар әулеті, ислам дінін таратуға келіп, қазақтардың арасына сіңіп кеткен арабтар. Әкесі Исфиджабта даңққа бөленген, әулие Әзірет-Әлінің ұрпағы, шейх. Ұстаздарының көшбасшысы – Арыстан баб әулие. Жас кезінен Шығыс поэзиясын, әдебиетін, философиясын меңгерген, телепаттық қабілеті туа біткен, ұлттың менталитетін, санасы мен рухын, салт-дәстүрі, тарихын, ұлт құндылықтарын құрмет тұтқан. Өнерді сүйген. 17 жасынан бастап өлең жаза бастаған, онда да өзінің ана тілі – түркі тілінде жазған. Сопылықты, ислам дінін уағыздады. Ол «Диуани Хикмет», «Мират-ул Кулуб», «Пақырнама» сияқты мұраларында көрініс берген. Көшпелі түркі қауымын имандылыққа шақыру арқылы ілімі барша түрік халықтары мәдениетіне үлкен өзгеріс енгізген. Оны, құрма символизмі арқылы Арыстан баб әулие Мұхаммед пайғамбарға балаған. Мұхаммед пайғамбарды құрмет тұтқандықтан ұлының атын Ибраһим қойып, өзі пайғамбар жасына, 63 жасқа келгенде, «Мен енді ол қайтыс болған жасынан кейін жер басып жүруіме болмайды» деп жер астынан мешіт, қылует қаздырып, дүниеден өткенше сонда тұрған. Жергілікті халықтың салт-санасы мен сенім-нанымына, әдет-ғұрпына қайшы келмейтін діни – мистикалық мектептің негізін қалаған Қожа Ахмет Иасауи шығармашылығы сопылық ағымның түркілік дәстүріне даңғыл жол ашқан. Ол қасиетті кітаптың, шариғаттың қыр-сырын, дін қағидаларын жергілікті жұртқа өз тілдерінде насихаттау мақсатымен хикметтерін айшықты поэзия тілімен жеткізген. Құран Кәрімде баяндалатын тарихи аңыздар мен пайғамбарлар, әулие-әнбиелер жөніндегі әпсаналарды хикметтерінде ұтымды пайдаланған.  

Қожа Ахмет Иасауиді халық аса ерекше құрмет тұтқан. Соның жарқын дәлелі ұлы хан Ақсақ Темір ол дүниеден қайтқаннан кейін басына осы кесенені тұрғызған.

Қожа Ахмет Иасауи шығармаларын жер асты мешіті – қылуетте отырып жазған көрінеді. Оның еңбектері түркі – мұсылман әлеміне кеңінен танылып, Иасауише хикмет жазу дәстүрі берік орныққан. Қожа Ахмет Иасауи дәстүрі Асан қайғы толғауларында, Мәшһүр Жүсіп, Абай, Шәкәрім Құдайбердиев, бүгінгі ақындар шығармаларында да жалғасын тапқан. Әлеуметтік, имандылық тамыры тереңде жатқан келесі ой-пікір ізсіз жоғалмақ емес.


Тұрсын Сыдықов

             Заңнама және құқықтық ақпарат

   институтының аға ғылыми қызметкері,

филология ғылымдарының докторы, профессор.

 

Мұсылман әлемінде Қожа Ахмет Яссауи кесенесі екінші Мекке болып саналса, Ұлы Жібек Жолы өркендеп келе жатқан кездегі әйгілі Отырар қаласы, яғни археологиялық қазбалар арқасында ол тарихи-мәдени қорық болып, Отырар жазирасына айналып, атақты туристік обьектіге айналғандығы үлкен мемлекеттік тарихи оқиға болып қалды.

Кезінде, ХV ғасырдан бастап Түркістан қаласы саяси және экономикалық орталық болды. 1598 жылы ол біржолата Қазақ хандығының астанасы деп танылған болатын. Түркістан – Қазақ хандығының астанасы, Түркістан – түркі дүниесінің рухани орталығы. Ел үшін елеулі де маңызды  тарихи шешімдер дәл осы қалада  іске асқаны бәрімізге аян. Ал бүгінгі күні Түркістан – облыс орталығына айналып, Қазақстанның тарихи туризм ошағы ретінде саналып келеді. Олай деуге әбден негіз бар. Бұл маңызды шешімнің арқасында туризм әлеуетін түрлендіріп, саяхаттаушы туристерді өңірге тартудың алғышарттары айқындалып жатыр. Демек, әлі де жаңа мүмкіндіктер туындайды деген сөз.

Бұл әр қазақстандық үшін үлкен қуаныш пен асқан мәртебе деп ойлаймын. Жыл сайын осында бүкіл Қазақстаннан, Орта Азиядан мыңдаған мұсылмандар келеді, және олардың айтуынша, бұл кесенеге үш рет келу кіші қажылықпен пара-пар екен. Осы орайда Елбасы Н. Назарбаев: «Әрбір халық, әрбір тәуелсіз мемлекет өзінің рухани орталығын нақтылап алуы керек. Қазақстанның рухани орталығы Түркістан», — деген болатын.
Түркістан қаласының тарихи-мәдени туризмінің дамуына үкімет мейлінше мол назар аудара бастады. Бұл дегеніміз – туризм арқылы тек табыс алып келу ғана емес, Түркістандай киелі жерді әлемге танытып, паш ету. Ендеше, тарихы тереңде жатқан Түркістан шаһары – Қазақстандағы тарихи туризмнің басты жобасы әрі ЮНЕСКО мойындаған тарихи орын болса, оны қастерлеу әр азаматтың қасиетті борышы болмақ.


                                                        

Мұратбек Иманғазинов 

                                              филология ғылымдарының докторы, доцент,         

                                                       30-дан астам ғылыми жарияланымдар мен оқу құралдарының авторы      



ЕР ТҮРІКТІҢ БЕСІГІ

Түркістан – екі дүние есігі ғой,

Түркістан – ер түріктің бесігі ғой.

Киелі Түркістандай жерде туған,

Түріктің тәңірі берген несібі ғой.

Түркістандай қазақтың қасиетті ордасына осыдан артық қандай баға беруге болады. Алаштың алдаспандай өткір, аймаңдай ұлы Жұмабайдың Мағжаны беріп кеткен бағаның қадірін біліп, ендігі жерде Түркістанның қасиетін бұдан да биік мәртебеге көтере білсек, Ұлы Дала иесі қазақ ұлысы үшін үлкен олжа болмақ.

Екі дүниенің есігіндей болған Түркістанның дәл қазіргі сәтте Айы оңынан туып, жұлдызы жарқырай түсуде. Тұңғыш Президентіміз - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен шырайлы Шымкенттен еншісін алып, облыс орталығына айналған Түркістанның бүгінгі келбеті ертегідей әсер етуде. Біз бұл қадамды қазақ руханияты мен мәдениетіне, тарихы мен әдебиетіне жасалған үлкен қамқорлық деп есептейміз. Тотыдайын таранып, сұңқардайын сыланып жаңа дәуірмен бірге жасампаз күйде дамып келе жатуы түркістандықтар үшін гана емес, тәуелсіз Қазақ елі үшін зор мәртебе.

Түркістан - қазақ халқы үшін ең қастерлі орын. Осынау тағдырлы һәм тағылымды бастама асыл дініміз бен салт-дәстүріміздің өз дәрежесінде өсіп-өркендеуіне оң ықпал ететіні хақ. Өйткені Түркістан – жоралы жұртымыздың рухани темірқазығы іспетті тарих пен тағылымға толы күллі түркі-мұсылман халықтарының киелі мекені, қазақ хандығының астанасы! Асыл дініміздің асқақ тұлғасы Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың алып кесенесі ғасырлар мен ғасырларды жалғап жататын ұлы жәдігер. Үш жүздің басын қосқан хан Абылайдан бастап, ұлтымыздың қаншама ханы мен биі, көсемі мен шешені, ақыны мен батыры, ғұлама ғалымы мен дара дарыны мәңгілік мекен еткен Түркістан тәуелсіз елдің бойтұмары.

Түркістанның өрлеуі - Қазақстанның өркендеуі. Түркістанның асқақтауы қазақ рухының аспандауы.


Жұматай Оспанұлы

                                                                           Ақын, ҚР Мәдениет қайраткері,

ҚР Ақпарат саласының үздігі,


Түбіміз бір бауырлас ұлттардың бір-бі­рінен алыстап, ара­лары­ның суып кетуіне ықпал еткен басты фактор отаршы империяның жымысқы саясаты болса керек. Баяғы сол, «бөліп ал да билей бер» деген қағидадан туған елеулі салдарының шынайы көрінісі осы іспетті. Совет тұсында «пантүркизм» деген құқаймен түркі халықтарының өзара жақындасуына ырық берілмеді.

Түркі жұртының түгел болуына, өзара ымырада тірлік кешуіне, ортақ мә­де­ниетін дамытуына қарсы мүлде жат идеология тықпаланып келді. Туыс халықтарды бір-бірінен мейлінше тезірек жат ету үшін интернационалдандырып, шын мәнінде орыстандырудың қамы ғана жасалды. Сондай ебедейсіз емеуріндердің кесірінен бұрын бір ғана шағатай тілінде қарым-қатынас жасаған, аралас-құралас ағайын болған, тарихы мен мәдениеті ортақ болған бауырлас ұлттар бір бірін танымайтындай жат жұртқа айналып шыға келді. Онымен қоса,  өзара орысша тілдесетін жағдайға душар болдық. Бұл айналып келгенде, отаршы империяның қасақана ұйымдастырған идеологиялық асқан сорақы қастандығы болатын. Бүгінге дейін түркі халықтарының ортақ одақ құруынан, өзара ынтымақтасып бірігіп кетуінен ірі державалар қатты сақтанады һәм сескенеді. Қатпарлы тарихтың беттерінде большевиктер Мұстафа Шоқайды түркішілдігі үшін үнемі құдалаумен болғаны еш өзгерусіз жазылып тұр. Ақыры олар Мұстафаның да түбіне жетіп тынды. Ал, қазір заман басқа, заң басқа. Өзгелермен тереземіз тең, керегеміз кең жаңдайда ғұмыр кешіп жатырмыз. Өз басым Түркия бастаған бірқатар мемлекеттердің өзара ру­хани ынтымақтасатын орталығы - Түркістан қаласы болуға тиіс деп ойлаймын. Түркі халықтарының әдеби-мәдени байланысын нығайту үшін халықаралық Түрксой, Түркі Академиясы секілді іргелі ұйымдар осы қалада орналасуға тиіс. Айшықтап айтқанда, бұл – түркі халықтарын ортақ мақсатқа үндеп, ізгілік пен игілікке ұйытатын ұлы шешім болмақ.


Қуандық Шамахайұлы
ҚР мәдениет қайраткері, жазушы


«Түркістан тек қазақ халқының ғана емес, күллі түркі жұртының қасиетті мекені. Арғы-бергі тарихымызда ел бастаған, қол бастаған тұлғаларымыз да аса жауапты сәттерде, күрделі саяси шешімдер қабылдайтын уақыттарда Түркістанға тағзым ете барған. Тұңғыш Президентіміз - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та осы киелі топыраққа жиі ат басын бұратынын білесіздер. Меніңше, мұның бірінші себебі - халқымыз үшін аса қастерлі саналатын мекенге тәу ету және ата-баба аруағына, аманатына деген құрмет болса, екінші себебі - Ұлы дала еліндегі кешегі, бүгінгі мемлекетшілдік дәстүрге, эволюциялық даму сабақтастығына деген адалдықта жатыр. Мұндай сакральды ұғым-түсінік пен дәстүрге адалдық тек өркениетті, өсіп-жетілген ұлттың ғана қолынан келеді», - деген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сөзімен мақаламызды қорытындыламақпыз. Ұлтты ұйыстыратын ұлы мекеннің сіз бен біз білмеген ғажайыптары мұнымен толастамақ емес. Көрген көздің жауын алатын көрікті келбетті Түркістанды қанша жырласақ та жарасады емес пе...


Темір АТАБАЙ





Тегтер: түркістан, сарапшылар, тарих, қазақстан, пікір, ой, толғам, қазақстан

Пікір қалдыру