Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 123,5 мың этникалық қазақ оралған, деп хабарлайды Turkistanmedia.kz.
Жыл басынан бері Қазақстанға келген қандастардың жартысы (53,7%) — Өзбекстаннан, 19,3% — Қытайдан, 10,9% — Моңғолиядан, 7,7% — Ресейден, 6,3% — Түрікменстаннан және 2,1% басқа елдерден келген.
Мәселен, осы жылдың қыркүйек айында Түркістан қаласында Қазақстанның өзге де аймақтарынан жиналған делегаттардың қатысуымен Иран, Ауғансан, Түркия қазақтарының құрылтайы өткен. Жиын осы елдерден келген қазақ көшінің 30 жылдығына арналған.
Жиынға қатысқан Ираннан көшіп келген журналист Жүсіп Бөкенұлының айтуынша, құрылтайдың жастарға берер тәлімі мол.
«Құрылтайдың негізі мақсаты - салт-дәстүрімізді дәріптеп, артық жерлерін өзгерту. Мәселен, арамыздағы жап-жас жігіт пен қыздар экономикалық жағдай қиын болған соң үйлене алмай, қыздарымыз басқа ұлтқа шығып, жігіттеріміз басқа ұлттың қызын алып отыр. Біздің салтымызға қатысты біраз қиындықтар бар. Соларды өзгертуіміз керек. Ақшаны көп талап ететін жағдайлар да кездеседі. Сондықтан қазақы салт-дәстүрді бүгінгі ұрпаққа дұрыс дәріптеу ниетімен осы құрылтай ұйымдастырылып отыр.
Үш елден көшіп келген қазақтарға Қазақстанның заңына құрмет көрсету, Қазақстанның жақсы азаматы болуға, Қазақстанға еңбеук сіңіруге көмектескіміз келеді. Сондай-ақ, құрылтайда оларға арналған тиімді бағдарламалар туралы да айтылды. Алдағы уақытта нәтижесін береді деген сенімдеміз», - деген Жүсіп Бөкенұлы.
Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды. Сонымен бірге, қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.
Бүгінгі таңда республиканың шет елдердегі мекемелері арқылы этникалық қазақтардан жаңа форматта 2 037 өтініш (681 отбасы) қабылданды.